$ 511.92  588.91  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.06.2025, 12:15
Қоғам

Назарбаев мектептерінен бір емес, 287 оқушы қуылған: басшылық себебін жария етті

Мектепке қабылданғанда ата-аналар да, оқушылар да ережемен танысып, қол қояды екен

Назарбаев мектептерінен бір емес, 287 оқушы қуылған: басшылық себебін жария етті
Фото: facebook.com/azhangozin

Естеріңізде болса, мамыр айының соңында Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінен шу шыққан. Мектеп әкімшілігі соңғы қоңырауға бір-екі күн қалғанда мұғалімді балағаттаған 11-сынып оқушысын оқудан шығарып жіберген. Бұл оқиға қоғамда қызу пікірталас туғызып, мектеп басшылығын жақтағандар да, даттағандар да табылды. Алайда Назарбаев зияткерлік мектебі өз шешімін өзгерткен жоқ, бала мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауысты. Ел назарын аударған даудан кейін Azattyq Rýhy бүгінге дейін Назарбаев зияткерлік мектептерінен қанша оқушы нашар тәртібі үшін оқудан шыққанын білу үшін ресми сауал жолдаған еді.

Білім ұйымының жауабына сүйенсек, соңғы бес жылда Назарбаев зияткерлік мектептерінде 28 мыңнан астам аса оқушы білім алған. Осы аралықта 300-ге жуық бала мектептен қуылыпты.

«Осы кезеңде педагогикалық кеңестің шешімімен, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Жарғысына сәйкес, 287 оқушы «Өркен» білім беру грантынан шеттетілді. Олардың 276-сы – оқу жылының соңында бір пәннен «қанағаттанарлықсыз» немесе үш пәннен «қанағаттанарлық» баға алғаны үшін, 7 оқушы – Жарғы мен ішкі тәртіп ережелерін өрескел немесе жүйелі түрде бұзғаны үшін, ал 4 оқушы – оқу жылы ішінде сабақтарға себепсіз 10 күннен артық қатыспағаны үшін шығарылған», - делінген басқарма төрағасының міндетін атқарушы А.М. Жанкеев.

Зияткерлік мектептерде академиялық адалдық саясатына ерекше назар аударылады екен. Мектепке қабылданған кезде оқушылар мен ата-аналар академиялық адалдық ережесімен танысып, ресми түрде қол қояды. Оқушылар сенімді дереккөздерді пайдалану, сілтеме жасау, әдебиеттер тізімін көрсету дағдыларын меңгереді. Бұл бағытта мұғалімдер түсіндіру жұмыстары мен семинарлар өткізеді.

Оқушылар үшін қандай тыйым бар

«Үй тапсырмасын орындағанда, ТЖБ, БЖБ, сыртқы бағалауда оқушылар академиялық адалдық талаптарын сақтауға міндетті», - деп атап өтті ұйым.

Назарбаев зияткерлік мектептерінде:

  • өзгенің жұмысын көшіру немесе көшіруге мүмкіндік беру,
  • авторлығын бұрмалау (плагиат),
  • тапсырмаларды рұқсатсыз жүктеу, тарату немесе сату,
  • мұғалімнің компьютерінен немесе поштасынан ТЖБ, БЖБ тапсырмаларын көшіріп алу, ТЖБ, БЖБ тапсырмаларын жүктеп алу,
  • тапсырмаларды және оның жауаптарын сату, тарату сияқты академиялық адалдықты бұзатын әрекеттерге қатаң тыйым салынған.

Академиялық адалдық пәндік жұмыстармен қатар, олимпиада, ғылыми жоба сияқты сабақтан тыс іс-шараларды да қамтиды.

10 мұғалім аттестациядан шеттетілген

Ал мұғалімдер:

  • авторлық құқықты құрметтеуге;
  • плагиат, бұрмалау, фабрикация секілді әрекеттерге жол бермеуге;
  • өзгенің жұмысын өз атымен ұсынбауға;
  • артықшылық немесе сыйақы алу мақсатында адалдық нормаларын бұзбауға міндетті.

НЗМ ақпаратынша, соңғы 5 жылда барлығы 1715 педагог аттестациядан өткен. Осы кезеңде 10 мұғалім бұрын жазған өз авторлық жұмыстарын қайта пайдаланғаны анықталып, олар аттестациядан шеттетілді.

Серіктес жаңалықтары