$ 511.92  588.91  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.06.2025, 12:41
Қоғам

«Обал!»: Нартай Сәрсенғалиев БҚО-да жабылған 12 мектептің ауыр тағдырын сөз етті

Қазіргі нормалар өзгермесе бұл аймақта тағы жеті бастауыш мектеп жабылуы әбден мүмкін

«Обал!»: Нартай Сәрсенғалиев БҚО-да жабылған 12 мектептің ауыр тағдырын сөз етті
Фото: parlam.kz

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдаған депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Батыс Қазақстан облысындағы бастауыш мектептердің ауыр тағдырын сөз етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ол қолданыстағы ереже бойынша мектептің жұмыс істеп тұруына кепілдік беретін оқушы санының шегі теріс қабылданғанын айтып дабыл қақты. Яғни, әр аймақта халықтың саны әртүрлі болғандықтан, бала санына қатысты ереже де жағдайға байланысты жұмыс істеу керек дейді ол. Алайда, қазіргі ереже ондайды көздемеген соң еліміздің батысында бастауыш мектептер жаппай жабылып жатыр дейді Сәрсенғалиев.

«Батыс Қазақстан облысының 8 ауданы Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесетінін мен айтпай-ақ білесіздер. Бірақ бала санының аздығына байланысты Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 12 бастауыш мектептің жабылғаны, ал 2024 жылы 4 бастауыш мектептің таратылғаны (Жәнібек ауданы-1, Теректі ауданы-1, Сырым ауданы-1, Қаратөбе ауданы-1) расында төбемізге жай түскендей әсер етті», - дейді ол.

Сәрсенғалиев мемлекет басшысының ауыл мектептері туралы айтқан бірнеше сөзін мысалға алды. Айта кетейік, президент: «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады» деген еді. 

«Ендеше қағазға хатталған нормативтің кесірінен бастауыш мектептері жабылған 12 ауылда тұратын халықтың обалы кімде? Мектеп жабылды деген сөз бұғанасы қатпаған балалар өзге ауыл-аудандарға оқуға кетуге мәжбүр дегенді білдіреді. Ол жақта балалардың қауіпсіздігіне, жатын орны мен ас-суына, қала берді жасына сай алуы тиіс мейіріміне кім кепілдік береді? Ешкім. Мектеп жабылғанда жұмыссыз қалған ұстаздардың хәлі нешік? Олар да ауылдан ауылға көшіп жүруі керек пе?», - дейді сұрақ қойған ол.

Баланың артынан ата-ана, ата-ананың артынан ауыл көшеді

Оның айтуынша, қазір ауылындағы мектеп жабылғандықтан басқа елді-мекенге мәжбүрлі түрде оқуға аттанған оқушылардың ата-аналары да көшетін қорқынышты тенденция бар.

«Ал адамы көшкен  ауылдың картадан өшетіні белгілі. Бұл Қазақстанға үлкен қатер төндіреді, бір ғана дерек айтайын: соңғы 5 жылда елімізде 194 ауыл жабылып қалды. Бүгінгідей бұйрықтың бұйдасымен кете берсек бұл сан көбейетіні анық. Себебі мектептің жұмыс істеп тұруы үшін белгіленген ең аз оқушы санына сұрақ жетіп артылады. Өйткені бір өңірде адам көп, бір өңірде адам аз. Сондықтан бір стандартта бәріне бірдей таңу қате. Ендеше аталған нормативтерді қайта қарайтын кез келді. Себебі Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен шектесетін 8 ауданының 7-інде бала санының аздығына байланысты мектептер жабылмақшы. Нормативке өзгеріс енгізбесек тағы 13 мектепті толық көлемде сақтап қала алмаймыз», - дейді дабыл қаққан ол.

Депутат мысал ретінде облыс орталығынан шалғайда орналасқан, жабылудың аз-ақ алдында тұрған Бөкей Ордасы ауданына қарасты Жиекқұм елді-мекеніндегі Темір Масин мектебін немесе Үштерек елді-мекеніндегі білім ордаларын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды», - деп шегелеп айтты.  Осыған орай нақты ұсыныс: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 6 мамырдағы №185 «Халықтың тығыздығына және елді-мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту туралы» бұйрығында көрсетілген 2.2., 2.3., 2.4. - тармақтарын «ерекше жағдайда деген тіркеспен толықтыру немесе шекара маңында орналасқан мектептер үшін аталмыш тармақтарда белгіленген нормативтердің шегін азайтуды ұсынамын. Әйтпесе шекаралық ауылдар мектепсіз қалады, салдарынан ел көшеді, жер иесіз қалады. Ал «бос жатқан жер жау шақырады», бұл қазақтың сөзі», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары