«Жаныма батады»: Сәкен Майғазиев кімнің «бұйрығын» орындағанын айтты (ВИДЕО)
Ол тойдан кейін ұлы мен келінін ертіп, анасының ақ батасын алуға ауылға тағы баратынын атап өтті

Әнші Сәкен Майғазиев ұлын анасының «бұйрығымен» үйлендіріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, екі ай бұрын анасы: "Менің халімді көздеріңмен көріп жүрсіңдер, жасарып бара жатқаным жоқ. Күннен-күнге қайратым кеміп, қауқарым кетіп барады. Мені зарықтырмай, Әділетімді үйлендіріңдер, тапсырма сол!", - деген екен.
Әжей: "Өзім үйлен деп бұйрық беріп алып, тойға бармай қалғаныма ренжімеңдер", - деп қалжыңдаған да көрінеді.
«Аналық ақ жүрегіңізбен берген бастаңызды, тілеген тілегіңізді мейірімі шексіз Алла тағала қабыл еткей, анашым.
Негізі анамыз 89 жаста. Бірақ өзі 94-темін дей береді. Көз алдыңда жүрісі баяулап, жанары тайып, есте сақтау қабілеті төмендеп бара жатқаны жаныңа батады, жүрегіңді сыздатады. Бір бөлмеден бір бөлмеге әрең жетіп жүр», - деп жазды Сәкен майғазиев.
Ол тойдан кейін ұлы Әділет пен келіні Әдияны ертіп, анасының ақ батасын алуға ауылға тағы баратынын атап өтті.
«Келініңіздің қолынан шәй ішесіз. Алла сізге күш-қуат берсін», - деп түйіндеді әртіс.
Еске сала кетейік, әнші Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойын ақылы түрде көрсетуге шешім қабылдады. Тойды онлайн трансляция арқылы көру үшін әр адам 1380 теңге төлеуі керек. Желідегілер әншінің бұл әрекетін сынап жатыр.
«Масқара, Сәкен Майғазиев бұлай жасайды деп ойламаппын», «сендер арқылы ақша таппақшы, шығынды жабу керек», «сорлылар-ау», «сөз жоқ», «ойбай, тоймай жатыр ғой, жеке бас қуаныштарын да жарнамалап сату керек», - деген пікірлер жазды көпшілік.