Шерзат ісі: сотқа куәгер ретінде шақырылған екі қыздың әрекеті тексеріледі

Автор: Нұргүл Абай

Олардың кінәлі-кінәсіздігін құқық қорғау органдары анықтайды

Фото: видеодан скриншот

Бүгін Талдықорған сотында Шерзатты өлтірді деп айыпталғандарға шығарылған үкімді жариялағаннан кейін судья Ержан Жанұзақов төрт куәгердің әрекетіне прокурордың назарын аудару туралы қаулы шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұдан бөлек, сот куәгерлер Жақсыгелді, Нұрбекова, Қазыкенов, Рузбакиевтің әрекетінде болуы мүмкін қылмыс құрамына прокурордың назарын аудару туралы жекеше қаулы шығарды. Олардың кінәсінің дәрежесін құқық қорғау органдары анықтауы қажет», - деді судья.

Бүгін Шерзат ісіне нүкте қойылды. Сот үкімімен қылмыстық істің басты фигуранты Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, сот Шерзат Полаттың ата-анасы мен әжесінің моралдық және материалдық залал өндіріп алу туралы талап-арыздарын ішінара қанағаттандырды.