Қазақстанда электронды вейп өнімдерін бақылауда ұстау туралы заң қабылдануы мүмкін
Қазақстанның «Денсаулық кодексінде» темекі бұйымдарына қатысты бірқатар өзгерістер енгізілмекші. Нұртай Сабильянов, Қайрат Құдайберген бастаған белсенді топ айкос, гло сынды электронды вейп өнімдерін бақылауға алу туралы ұсыныс білдіргенімен, заң әлі талқылану үстінде. Темекі лоббистері болса, электронды шылымның адам ағзасына зияны жоқ екенін айтады. Осыған байланысты Azattyq Ruhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласының бас токсикологы Галина Николаевамен электронды темекінің адам ағзасына зияны бар ма, жоқ па деген тақырып төңірегінде сұхбаттасқан еді.
ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІ – АДАМНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ АЛДАУЫ
— Қарапайым шылыммен қыздырылатын табак-вейптардың қайсысы адам ағзасына көп зиян тигізеді?
— Темекі – ферментациядан өткен өсімдік жапырағының кептірілген түрі. Шылым шегу деген құрғақ темекі жапырағының бықсыған түтінін тарту. Сол себепті, сіз темекінің қай түрін пайдалансаңыз да, олардың негізгі компоненті тәуелділік тудыратын күшті психобелсенді сипатқа ие никотин. Мен никотиннің зиянына тоқталмай-ақ қояйын, себебі, оның адам ағзасын қаншалықты улайтынын бәрі жазып та, айтып та жүр. Қосымша формальдегид, смола және улы газ, күшәла (мышьяк), сионид, полоний, қорғасын мен висмут сынды қоспалар никотин зиянын күшейткен үстіне күшейте береді.
— Ғалымдар айкос, гло сынды вейп темекілердің құрамында никотин аз, сол себепті зияны да жоқ дегенді айтады. Шынымен олардың еш зияны жоқ дегенге сене алмаймын. Жалпы, қыздырылған темекілер жүйке жүйесіне, жүрек-қан тамырларына кері әсер етеді дейді. Вейп өнімдердің денсаулыққа кері әсері турайлы айтып берсеңіз.
— Темекіге тәуелді адам күйзелістен арылуым керек, темекі шегетіндердің қатарына қосылып кетуім керек, арықтау үшін, қалаған уақытымда бәрін тастай аламын деген сынды өзін ақтаумен болады. Әрине, оның зиян екенін біліп тұрып, рахатынан бас тарту қиын. Темекіні қоюым керек деп өзін дайындап жүргендерге оның альтернативті жеңіл түрін ұсынған болып, «электронды табак индустриясы» келді. Электронды темекіде ағзаға никотиннің түсу әдісі ғана өзгереді. «Құрамында никотин қоспасы жоқ электронды темекілер бар ғой» деуіңіз мүмкін. Олардың зияны туралы сәл кейінірек айтамын. Қарапайым темекіні электронды вейппен алмастырған адам темекіге тәуелділіктен арылмайды. Себебі, ағзаңызға бәрібір никотин түсіп жатыр. Сондықтан ондай адамдар тек өздерін алдағылары келеді.
— Елімізде қоғамдық орындарда айкос, гло сынды темекі өнімдерін шегуге тыйым салынатыны туралы заң қабылданбақшы. Бірақ бұған қарсы шығып жатқандар да бар. Маман ретінде сіздің пікіріңіз қандай, сіз қай тарапты жақтайсыз?
— Мен Денсаулық кодексіне жаңа өзгерістер енгенін қолдаймын. Себебі, біз өзімізді электронды темекі арқылы алдап жүретін болсақ, ешқашан бұл проблеманың шешімі болмайды. Кодекске өзгеріс енсе, ең алдымен ел азаматтарының денсаулық көрсеткіші жақсарады. Менің әріптестерім инфаркт және инсульт алушылардың қатарында жастар санының көбейгенін айтып, дабыл қағуда. Бедеулік те біздің қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі. Осы аталған аурулардың пайда болуына ең бірінші, темекінің әсері бар десең, біздің қоғам оны дұрыс қабылдамайды. Тағы бір айта кететіні, жастарымыз темекі тарту мен электронды вейптарды сән трендіне айналдырмаса екен. Егер еліктеушілік азайса, зияны туралы айтуға болады.
ЭЛЕКТРОНДЫ ВЕЙПТАР АЛЛЕРГИЯ ТУДЫРАДЫ
— Сонымен электронды темекілер туралы айтсақ, олардың құрамында қандай қоспалар бар?
— Жоғарыда атап өткенімдей, электронды темекілер құрамында никотині бар және никотині жоқ деп бөлінеді. Ашық дереккөздерден белгілісі, электронды темекінің міндетті компоненттері – глицерин және полипропилен химиялық қоспасы. Токсинді басқа компоненттер де болғанымен, коммерциялық құпия ретінде айтылмайды. Электронды темекіні тартқан кезде адам түтін емес, қыздырылған кезде бөлінетін темекі құрамында бар химиялық сұйықтық «буын» шығарады. Қазіргі таңда электронды шылымдардың нақты зиянына қатысты ғылыми дәлелдер жоқ. Менің ойымша, мұндай зерттеулер 10-15 жылдан кейін пайда болады. Ал әзірше полипропилен қоспасына тоқталсам, бұл химиялық қоспа күнделікті өмірде жиі қолданылады. Мысалы, кейбір азық-түлікті сақтау мерзімін ұзарту үшін консервант ретінде пайдаланылады. Бұл қоспаны зерттеген кезде, аллергиялық реакция тудыратыны анықталған. Полипропиленнің тағы бір зияны, тыныс алу жолдарының шырышты қабықтарын тітіркендіреді. Қыздырылған күйдегі бу адам ағзасына түскен кезде химиялық қоспаның зияны ұлғая түседі. Жаныңызда химиялық қоспаларды қабылдауы жоғары кішкентай бала отырған болса, оның аллергиялық реакциясы тез дамитын болады. Сол себепті, жаныңызда балақай отырса, темекі тартқаныңыз дұрыс па, жоқ па, ойланып алғаныңыз абзал.
— Темекі шегушіге қарағанда, жанында отырған адамға көбірек зиян тиеді деген пікірлер рас болып отыр ғой?
— Әрине, электронды темекілердегі тағамдық хош иістер шылым шегушінің ғана емес, оның жанындағы адамның да аллергиялық реакциясының тез дамуына әкеледі. Сондай-ақ, шылым шегушінің қасында отырған адам түтін құрамынан басы ауырып, жүрегі айнып, әлсіздікті сезінуі мүмкін. Мүмкін болса, шылым шекпейтін адамдар оларды таныстары немесе достары тұтынған кезде, өздерін алысырақ ұстағандары абзал.
НИКОТИНГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН ҚАЛАЙ АРЫЛУҒА БОЛАДЫ?
— Темекіге тәуелділіктен құтыла алмай жүрген адамдарға қандай кеңес бересіз?
— Никотинге тәуелділіктен арылғысы келетін адамдарға шыдамдылық танытыңыздар дегім келеді. Себебі, бұл өте ұзақ процесс, тіпті, жүйкеңіз сыр беруі де мүмкін. Бірақ адам шын қаласа, қолынан келмейтін нәрсе болмайды. Жеке практикамда байқағаным, темекіні бірден ешкім қойып кете алмайды. Сол үшін бәрін аз-аздан бастаңыз. Алдымен күнделікті тартып жүрген темекі санын ақырындап азайтыңыз. Содан соң бір шылымды бірден тартып тастамай, бөліп-бөліп тартыңыз. Осы арқылы темекіге тәуелділіңіз уақыт өте азая бастайды. Ал электронды вейптар – өзіңізді алдау ғана. Табак өндірушілердің жарнамасына еліктей бермей, бір уақыт өзіңіздің ғана емес, ұрпағыңыздың да саулығын ойлаңыз.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан