«Қателескен екен»: Берденовке оқ атқан күдіктінің әйелі алғаш рет мәлімдеме жасады

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол желіде тараған қауесетті жоққа шығарды

Фото: https://www.facebook.com/ruslan.berdenov

Желі арқылы жазба қалдырған Луиза Алданова соңғы бір айда отбасында болған ауыр жағдай туралы алғаш рет ашық пікір білдірді. Ол өз жазбасында жолдасы Ернардың Руслан Берденовке қатысы бар оқиғаға байланысты ел арасында тараған әртүрлі әңгімелерге тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Осы қиын кезеңде мені іздеп, уайымдап, отбасымыз үшін дұға тілеп жүрген барлық жанашыр жандарға алғысымды айтамын. Өткен бір ай біздің отбасымыз үшін де ауыр сынақ болғанын жеткізгім келеді. Енді ғана есімізді жиып, өз-өзімізге келіп жатқан жайымыз бар. Әрбір минут, әр сағат, әр тәулік уайымдаумен болдық, жапа шеккен Руслан Берденов мырзаның амандығын тіледік. Жуырда ғана ем-домын алып, ауруханадан үйіне оралғанын естідік. Енді ертерек айығып, елге қызметін жалғастыруын тілейміз», - дейді ол.

Луиза Алданова жұбайы Ернардың әрекетін ақтап алуға тырыспай, оны «жаза басу» деп сипаттады.

«Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен... Мен бұл жағдайды тағдырдың сынағы деп қабылдап, барынша сабырмен қарап отырмын. Бәрін Алланың қолына тапсырдым», - деді ол.

Желіде тараған жалған ақпаратқа қатысты Луиза Алданова өз ұстанымын білдіріп, өзін орынсыз кінәлағандарға нақты жауап қайтарды.

«Осы жағдайға менің де қатысым бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық», - деді ол.

Еске салсақ, Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовті әкімдіктің дәл алдында атып кеткен еді. Күдікті ретінде осы посты жазып отырған Луиза Алданованың жұбайы Ернар Жиембай ұсталған болатын.  Қазір Берденов айығып, жұмысына кірісіп кеткен.