Мұғалімдер Kundelik.kz-тегі логині мен құпия сөзін басқаға беруге дайын - депутат

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменованың айтуынша, ауыл мұғалімдері бетпе-бет келіп отырған басты проблеманың бірі – интернеттің нашарлығы мен Kundelik.kz бағдарламасының ұзақ жұмысы

Депутат қазір еліміз бойынша 697 жалпы білім беретін мектепте кең жолақты интернетке қосылу проблемасы бар екенін, 93 мектепте интернет желісі мүлде жоқ екенін еске салды. Олардың ішінде интернеті жоқ ауыл мектептерінің көшін Батыс Қазақстан облысы (30 мектеп) бастап тұр. Екінші орында Түркістан (15), Ақмола ооблысы (8) үшінші орында тұр.

«Әңгіме барысын облыс өңірлеріндегі оқытушылардың аузымен айтсақ: «Күнделік.кз-ке кіре алмағаныма бір апта болды, мектептің интернеті айналып  тұрып алады, логин, құпия сөзімді айтайын, ең болмаса оқушыларымның қорытындысы қалай болғанын айтып берші» деп әркімге жалынып жүреміз. Міне, ұстаздардың қағазбастылықтан арылайық деген бастамасымен қолға алынған дүние сол мұғалімдердің қолын байлап отыр. Анығында, ауыл мұғалімдерінің қолында тұсау көп-ақ», - дейді депутат.

Депутатқа шағымданған ауыл мұғалімдері «Қазақтелеком» компаниясымен келімшартқа отырған кезде интернет жылдамдығы секундына 10 мегабит болатынын айтқан. Бірақ оларда әлі күнге дейін небәрі 4 мегабит жылдамдықты ғана көрсетіп тұр. Депутаттың ауйтуынша интернет жылдамдығына байланысты педагогтар компанияға хат та, арыз да жазған, алай ештеңе өзгермеген. Сол себепті ауылды айтпағанда, облыс орталықтарынағы педагогтар өз ақшаларына wi-fi орнатып алған.

«Бірақ, wi-fi орнатқанда, алғашында мектеп мұғалімдері секундына 19 мегабит болды деп қуанады, ал кейін келе ол 8, қала берді 6-ға түседі. Себебін сұраса «ауа райы кінәлі» деген жалтартпа әңгімені естіп келе жатыр. Сауатсыз және өте қызық жауап.  Сандарға қарасақ, секундына 4 мегабит жылдамықтағы интернеті бар  мектептер саны 684-тен асады. Ал, аты бар да, заты жоқ интернет 6603 мектепте бар», - деді депутат.

Бақытгүл Хаменова бұл мәселені бір емес, бірнеше жауапты министрлік бірлесіп шешу керек деген ұсынысын айтты.

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы жалғыз монополист болып отырғандығы анық, көп өңірлерде интернеттің жылдамдығын қолдан төмендету фактілері кездеседі. Министр (Цифрлы даму министрі Асқар Жұмағалиев – агенттік ) мекеме басшылығымен кездесіп, мәселені талқыласа... Ең бастысы, мектеп бюджетін ескеру керек. Ай сайын аты бар да, заты жоқ интернетке миллиондаған қаражат төленеді. Сондықтан, тарифті ескеру керек», - дейді Хаменова. 

Ол Қазақстан мектептеріндегі интернет мәселесін көтергенде Ресейді мысалға алды.

«Көрші ел 2021 жылға дейін орта мектептердегі интернет жылдамдығын секундына 50 мегабиттен 100 мегабитке жеткізуді көздеп отыр. Ең болмаса, осының жартысына жетейікші», - деп қорытындылады Бақытгүл Хаменова.