Биыл Қазақстан жолдарының тағы 29 учаскесі ақылы болады
Былтыр ақылы жолдардан 48 млрд теңге түскен

Осы жылы елімізде тағы 29 жол учаскесі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ақылы болады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір республикада ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 17 ақылы жол учаскесі жұмыс істейді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ақылы жолдардан 48 млрд теңге жиналған.
«2025 жылы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жалпы ұзындығы 6,2 мың шақырым болатын 29 учаскеде ақылы жүйе енгізіледі. Жоспарланған кіріс көлемі жылына 100 млрд теңгеден асады», - деді Қарабаев Сенатта өткен Үкімет сағатында.
Министр болашақта барлық жолды күтіп ұстау, арнайы техника сатып алу және қарыз бойынша пайыз мөлшерлемелерін жабу ақылы жүйе есебінен қаржыландырылатынын атап өтті.