Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбаны күні бұрын дайындап қою қажет
Қазақстанның баспанаға мұқтаж азаматтары үй алу үшін 24 мамырдан бастап Отбасы банктің Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының порталында есепке тұра алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отбасы банктің ақпаратынша, 2025 жылғы 24 мамыр таңғы сағат 9.00-ден бастап пәтері жоқ азаматтар orken.otbasybank.kz порталына кіріп, баспанаға мұқтаж ретінде өтініш беріп, есепке тұра алады. Ол үшін алдымен электронды цифрлық қолтаңба арқылы сайтта авторизациядан өту керек. Өтініш берген сәтте жүйе үміткерді талаптарға сай келіп-келмейтінін автоматты түрде тексереді. Егер өтінім берушінің өз атында және отбасы мүшелерінде соңғы бес жылда ешқандай баспана тіркелмесе, ол үйге мұқтаж азаматтардың тізіміне енеді.
Әдетте, өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады. Ал егер өтінішке сканерленген құжат, мысалы жалғыз баспанасы апатты деп танылғанын растайтын құжат қоса ұсынылса, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі үш жұмыс күніне дейін созылады.
«Ақпараттық жүйе автоматты түрде жылжымайтын мүліктің бар-жоғын ғана емес, сонымен қатар өтініш берушінің отбасы жағдайын, мәртебесі мен санатын, тағы басқа деректерді тексереді. Яғни, «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жүйесінде өтініш берушінің цифрлық портреті жасалады. Бұл отбасының құқықтық және әлеуметтік мәртебесін, табысын, қандай да бір әлеуметтік төлемдер, зейнетақы немесе жәрдемақы алып-алмайтынын, үйі бар-жоғын көру үшін қажет. Осы мәліметтер негізінде азаматқа тұрғын үй мәселесін шешу үшін түрлі мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады», - деп түсіндірді Отбасы банктегілер.
Өтініш берген қазақстандықтардың деректерін автоматты түрде тексеру үшін Отбасы банк 14 мемлекеттік деректер базасымен және ақпараттық жүйелермен интеграцияланған.
Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қоюға өтініш бергенде, әрбір азаматқа және оның отбасы мүшелеріне 1414 нөмірінен жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру туралы SMS-хабарлама келеді. Бұл хабарламаға міндетті түрде жауап беру қажет.
Биыл 24 мамырдан бастап тұрғын үй кезегіне мына азаматтар тұра алады:
Отбасы банк баспана кезегіне тұрған қазақстандықтарға тегін пәтер берілмейтінін атап өтті. Банк тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың цифрлық портретін жасап, олардың әлеуметтік санатына, отбасы табысына қарай тұрғын үй мәселесін шешудің жолдарын көрсетеді:
Азаматтарға әкімдіктер ұсынған арендалық пәтерді немесе әлеуметтік тұрғын үйді сатып алуға арзан несие берер кезде банк өтініш берушінің есепке тұрған күніне қарайды. Десе де тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70 пайызы мемлекеттік қолдау аясында тұрғын үй мәселесі бірінші кезекте шешілетін азаматтарға беріледі. Олар:
Өтініш беруші бірнеше себепке байланысты тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылмауы мүмкін:
Қазір баспанаға мұқтаж азаматтардың өтініштерін әкімдіктер қабылдап жатыр. 24 мамырда республика бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылғаннан кейін әкімдіктер бүкіл базаны Отбасы банкке тапсырады. Әкімдіктерге бұл жұмысты аяқтауға 2025 жылғы 17 маусымға дейін уақыт беріледі.
Отбасы банк қазақстандықтарға egov.kz базасындағы деректерінің дұрыстығын қазірден бастап тексеруге кеңес береді. ЖСН арқылы kezekte.kz порталындағы ақпараттың дұрыс-бұрыс екенін де анықтау қажет, егер қате анықталса, өзгерту үшін әкімдікке жүгінген жөн.
«Сонымен қатар міндетті түрде электрондық цифрлық қолтаңбаңыз бен ұялы телефон нөміріңіз Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек. Бұл 1414 бірыңғай байланыс орталығынан хабарлама мен SMS-код алу үшін қажет», - деп түсіндірді олар.
Отбасы банк соңғы 2 жыл ішінде баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған және мемлекеттік қолдаудың арқасында үйлі болған азаматтардың тізімін ресми сайтында жариялап тұруға уәде етті.