Тілдесу клубтары қазір 12 өңірде жұмыс істеп тұр
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин партияның «Жастар Рухы» жастар қанатының «Менің елім – менің тілім» жобасы аясында іске қосылған «Сөйле» тілдесу клубының арнайы қонағы болды. Депутат өз тәжірибесімен бөлісіп, клуб мүшелерін мазалаған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2023 жылы басталған «Менің елім – менің тілім» жобасы аясында 12 өңірде қазақ тілін тегін үйрететін «Сөйле» тілдесу клубтары жұмыс істейді. Сабақ аптасына екі рет 1,5 сағаттан өтеді. Осы жолы ұйымдастырушылар елордадағы «Сөйле» клубына арнайы қонақ ретінде Мәжіліс депутаты Максим Рожин мен «Менің елім – менің тілім» жобасының амбассадоры Яков Федеровты шақырған.
«Жалпы кез келген курс, тілдесу клубтары адамның сөйлеуге қабілетін немесе ниетін ашатын құрал деп есептеймін. Өйткені бұл жерге ниеттес адамдар келеді. Әрқайсысының тіл үйренуге мотивациясы бар. Бірақ, өкінішке қарай, қоғамда мұндай азаматтар өзіне орта таба алмай жатады. Мына клубқа әртүрлі жастағы азаматтар келіп отыр екен. Мен өзім осындай клубтарға жиі барып тұрамын. Көп жағдайда бұл жерге мотивациясы бір, орта таппаған немесе белгілі бір сұрақтары бар, тілді шынымен үйренгісі келетін азаматтар жиналады. Осы жерге өздерінің алтын уақытын жұмсап келеді. Бұл үлкен көрсеткіш. Себебі азаматтар өз ниетімен келіп, алтын уақытын мемлекеттік тілге, қазақ тіліне арнап жатыр», - дейді депутат Максим Рожин.
Оның пікірінше, қазақ тілін үйреніп жүргендер үшін онлайн сөйлесу клубтарын да іске қосуға болады.
«Қазір әлемде неше түрлі онлайн клубтар бар. Мысалы сен сол тілде сөйлескісі келетін азаматтарды онлайн табуға болады және онлайн сөйлесуге болады. Өкінішке қарай, қазақ тілінде осындай тәсілдерді өз басым әлі көрмеппін. Мәселен, Аргентинада, АҚШ-та Димаш үшін қазақ тілін үйреніп жүрген шетелдіктер бар. Осындай азаматтармен онлайн сөйлесе алатын амалдарды тауып беру керек сияқты. Сондай коллаборация керек», - деп санайды мәжілісмен.
Максим Рожин «Сөйле» тілдесу клубының мүшелеріне қазақ тілін тез меңгеріп алу үшін күн сайын газет оқуға кеңес берді. Айтуынша, күніне газеттің бір бетін толық оқып шықсаңыз, нәтижесін бір айдан кейін бірден көресіз.
«Неге газет? Өйткені газет қазір қарапайым халықтың күнделікті қолданатын тілінде жазылады. Сіз оны оқығаннан кейін сол сөздерді күнделікті өмірде қолдана аласыз», - дейді ол.
Ал «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ержан Хамитовтың айтуынша, екі жылдан астам уақыт ішінде «Сөйле» тілдесу клубына бес мыңнан астам адам мүше болған.
«Олар ауызекі тілде сөйлесу ғана емес, сонымен қатар әртүрлі мәдени іс-шараларға қатысып, қарапайым өмірде қолданылатын сөздерді тез үйреніп кетуге талпынып жүр. Жастарға арналған жоба болғанымен де, біздің клубқа аға буын өкілдері де қызығушылық танытады. Бүгінде осы клубымыз республика бойынша 12 аймақта сәтті жүзеге асып жатыр. Біздің мақсатымыз – қазақ тілінің ауқымын кеңейту. Бізге әртүрлі ұйымдардан, бізді әлеуметтік желіден көрген оқырмандарымыз хабарласып «біздің ұйымнан да сіздердің клубтарыңызды ашсақ бола ма» деп сұрап жатады. Сол себепті алдағы уақытта мұның аясын кеңейтіп, қай жерде сұраныс бар, сол жерде ашу мүмкіндігі болады деп есептейміз», - дейді Хамитов.