Экология министрлігі Тоқаевтың «бес жылда 2 млрд түп ағаш егу» туралы тапсырмасын орындай алды ма
Әлі 850 млн түп ағаш егілмеген

Экология және табиғи ресурстар министрлігі бес жыл ішінде 2 миллиард түп ағаш егіп үлгермеген. Осыған байланысты президент тапсырмасының орындалу мерзімі 2027 жылдың соңына дейін ұзарып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қыркүйектегі жолдауында бес жыл ішінде, яғни 2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд түп ағаш егуді тапсырған еді. Алайда Экология министрлігі президенттің тапсырмасын уақытында орындай алмаған.
«2021-2024 жылдары республика бойынша барлығы 1 млрд 150 млн ағаш егілді. Тапсырманың орындалу мерзімінің 2027 жылдың соңына дейін ұзартылуына байланысты ормандарды молықтыру және қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарлар қайта бекітілді», - деп мәлімдеді министрлік.
Мемлекеттік орман қоры аумағында 1 және 2 жылдық көшеттер пайдаланылып жатыр. Көшеттердің жасы 1-2 жылдық, биіктігі тұқымына қарай: жапырақты 10-30 см, қылқан жапырақты ағаштарда 15-50 см.
Ведомство ақпаратынша, республика бойынша барлығы 3178 га аумақта 251 орман питомнигі бар, онда қазір 280 млн астам 1 және 2 жылдық көшеттер өсіріледі.