«Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» пилоттық жобасы туралы
Степногор қаласында 4 кәсіпкер бірігіп, «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобасын жүзеге асыра бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Кәсіпкерлер өз өнімдерін өндіріп қана қоймай, еш делдалсыз тұтынушыға сатуды қолға алыпты.
Жоба қатысушыларының бірі Өмірзақ Өтелов былтыр Степногор қаласында өткен «Бастау» бағдарламасы бойынша оқу курсынан өткен.
«Курс аяқталған соң қаржылай қолдау қорынан 3,5 миллион теңге несие алып, жүк тасуға арналған «Газель» көлігін сатып алдым. Ал, осы көктемде Абдурахим және Бахром дейтін бауырларыммен және «Олжас» шаруа қожалығымен бірлесіп көкөніс өсіруге кірістік. Жобаны жүзеге асыру бізге аса көп қиындық тудырмады. Өйткені, Абдурахим 2018 жылы «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша арнайы оқудан өткен. Ал, Бахромның қаланың сауда орталықтарында үш сату нүктесі бар. «Олжас» шаруа қожалығы болса, жер учаскесі мен техникасын ұсынып қана қоймай, көкөністерді суару үшін су ұңғымасын да қазып береді», - дейді Өмірзақ Өтелов.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлер 3,5 мың гектар жерге картоп, 0,5 гектарға сәбіз бен қызылша екпек. Кәсіпкерлер бизнес жасау бойынша кеңесті өңірлік кәсіпкерлер палатасынан алған.
Айтуларынша, мұндай жоба кәсіпкерлерге өнімдерін ешбір делдалсыз сатуға, түрлі нарықтық жағдайларға тәуелді болмауға, бизнеске төнетін қауіп-қатерлерді барынша төмендетуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, тұрғындар бір жағынан экологиялық таза өнім алса, екіншіден сату процесіне делдалдар араласпағындықтан, өнім бағасы да өспейді.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» пилоттық жобасын іске қосуды тапсырған.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы