ҚТЖ жолаушылар пойызының уақытша тоқтағанынан 3,8 млрд теңге шығынға батқан
Бұл – бір айдағы көрсеткіш
«Қазақстан темір жолы» АҚ пандемия салдарынан жолаушылар пойызын уақытша тоқтатқан кезде 3,8 млрд теңге шығынға батқан. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауына, аталған сома – тек бір айдағы көрсеткіш.
«Қазіргі уақытта жолаушылар пойызы рейстерінің уақытша тоқтатылуына байланысты бір айдағы шығын көлемі шамамен 3,8 млрд теңге. 1 маусымнан бастап жолаушылар пойызы қайта қатынауды бастады, сондықтан компаниялардың кеткен шығынды қалпына келтіру үшін біраз уақыт қажет», - деп хабарлайды ИИДМ.
Қауіпті эпидемияға байланысты Қазақстанда жолаушылар пойызы 31 наурыздан бастап 1 маусымға дейін уақытша тоқтатылған еді. Ведомствоның хабарлауынша, 2020 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында пойызбен 5 млн жолаушы қатынаған, бұл көрсеткіш бұрынғыдан 27,5%-ға аз.
Сондай-ақ жауапты министрлік кеткен шығынға қарамастан пойыз билеттері қымбаттамайтынын айтқан.