Ол табиғатқа тамсанып жүр
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев Лондонда сакура гүлдеген маусымды тамашалап жүрген сәтінен видео жариялады. Бірнеше жылдан бері Ұлыбританияда тұрып жатқан экс-шенеуніктің видеосы әлеуметтік желіге тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бергей Рысқалиев Лондон орталығында да жиі көзге түсетіні белгілі. Бұған дейін әлеуметтік желіде оның Burberry дүкенінің алдында президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Аслан Мусинмен бірге түскен суреті тараған еді. Аслан Мусин де бүгінде Черногория азаматтығын алып, Еуропада қоныстанған.
Айта кетейік, жуырда Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің де Жапониядағы сакура маусымына тамсанған видеосы әлеуметтік желілерде тараған еді.
Еске салсақ, Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау қаласы мен Атырау облысының әкімі болып қызмет етті. 2012 жылы қызметінен кеткеннен кейін оған жемқорлық, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру айыптары тағылды. Тергеу ісі бес жылға созылып, 2019 жылы сот Рысқалиевті сырттай 17 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Оның ағасы Аманжан Рысқалиев 16 жылға сотталған.
2020 жылы тәркіленген мүліктің бір бөлігі Рысқалиевтер отбасына қайтарылды. Алайда Бас прокуратура бұл шешімге қарсы шығып, кассациялық шағым түсірді. Жоғарғы сот прокуратураның талаптарын қанағаттандырған болатын.