Абай облысының тұрғыны дүкеннен алғанда бұзылып қалған шаңсорғышын әрең қайтарған
Дүкен тұтынушынының уақытын алып, әбігерге салған

Абай облысының тұрғыны интернет дүкеннен сатып алған жуғыш шаңсорғышының дұрыс жұмыс істемейтінін дәлелдеу үшін әбіргерге түскен. Танымал маркетплейстің өкілдері шаңсорғышты ресми емес сервис-орталықтан тексертіп, жұмыс істеп тұрғанын айтып, тұтынушыға ақшасын қайтарып бермеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Амалы таусылған тұрғын Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне көмекке жүгінген.
«Тұтынушы шаңсорғышты танымал маркетплейс алаңынан сатып алады, тауар қолына жетіп, техниканы тексерген кезде, жуғыш шаңсорғыштан ақау шығады. Шаңсорғыштың құрғақ сору кезінде ылғалды із қалдыратыны анықталады. Тұтынушының тауарды қайтару туралы өтінішінен кейін онлайн-дүкен оны қабылдап, сараптамаға жібереді. Сараптама шаңсорғыштың дұрыс жұмыс істейтінін растайды. Алайда, тұтынушы тауарды тексерген компания ресми өндірушінің сервис-орталығы болмағандықтан осы сараптаманың сенімділігіне күмән келтіреді», - деп хабарлады департаменттен.
Тұрғын өз құқығын дәлелдеймін деп жүргенде, алған затын не пайдалана алмай, не қайтара алмай арада уақыт өте берген. Ол несиеге алған шаңсорғышына ай сайын ақшасын төлеп отырады.
Тек департамент қызметкерлері араласып, онлайн-дүкеннің басшылығына тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың нормаларын түсіндірген соң ғана тұрғынның несиесі жабылып, оған шаңсорғыштың ақшасы қайтарылды.