Бұл әрекетке ол 300 мың теңге қарызын қайтармау үшін барған
Алматы облысында өз танысын өлтірген такси жүргізушісіне үкім шықты. Сот айыпты деп танылған ер адамды 16 жылға бас бостандығынан айырды деп жазады Tengrinews.kz.
Аталған іс Алматы облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылдың 14 маусымында 47 жастағы ер адам Алматы – Өскемен тас жолының бойында танысы Айнұр Қасымованы өлтіріп, тонап кеткен.
Әйел жоғалғаннан кейін оның туыстары полицияға арызданған.
«Үйіне қайтар жолда марқұм туыстарымен мессенджер арқылы сөйлескен және көліктің бұзылуынан өзге таксиге отырғанын мәлімдеген. Алайда, бұл жазбаны әйелдің өзі емес, оны өлтірген такси жүргізушісі жазған. Сотта анықталғандай, ер адам Айнұр Қасымовадан қарыз ақша алып, уақытында қайтара алмапты. Оның Ақсу ауданындағы ауылға бара жатқанын және өзімен бірге ірі көлемде ақшасы барын білген айыпты апарып тастауға ұсыныс айтып, жолда өлтірген», - деді облыстық соттың баспасөз қызметі.
Енді адам өлтірген такси жүргізушісі алдағы 16 жылын түрмеде өткізетін болады.
Айта кетейік, Айнұр Қасымова 2019 жылдың маусымында із-түссіз жоғалып кеткен еді. Ол өзінің туған ауылындағы тойға баруы тиіс болған. Өзімен бірге жарты миллион теңгедей қаражат алып шыққан. Ал, оны өлтірген ер адам оған 300 мың теңге қарыз болыпты. Берешегін ол жолда беремін деп алдаған.