Оның өтініші әлі қаралмаған
«НеМолчи» қорының негізін қалаған Дина Таңсәрі Черногориядан пана сұраған. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Халықаралық іздеу жарияланған Динара Смайылова (Дина Таңсәрі) 14 сәуір күні Черногорияда ұсталып, ертесіне сот шешімімен қамаудан босатылған болатын.
«Экстрадиция процедурасы аясында 15 сәуір күні Черногория соты Д.Б.Смайылованы Черногориядан пана беру туралы әлі қаралмаған өтінішіне байланысты қамаудан босатты. Қазақстан мен Черногория арасында адамдарды беру туралы халықаралық шарт болмағандықтан, Черногорияның құзырлы органдары оны экстрадициялау туралы шешімді ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды», - делінген хабарламада.
Бас прокуратура Смайыловаға қатысты қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеу мерзімі тоқтағанын атап өтті.
Бұған дейін Дина Таңсәрінің үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағы 2-тармақшасы бойынша іс қозғалғанын хабарланған.