«Ең кәрісі – 93, ең жасы – 76-да»: министр Фесенков институтының зейнеткер ғалымдары туралы айтты

Автор: Нұргүл Абай

Зертхана жұмысын әрі қарай жалғастыра береді дейді Саясат Нұрбек

Фото: istockphoto.com

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институтының Ай мен планеталар физикасы зертханасының қызметкерлері неліктен жұмыстан босатылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Фесенков атындағы институт Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігіне қарайды. Алайда ғылым саясатына ҒЖБМ жауапты болғандықтан, Саясат Нұрбек цифрлық даму министрлігіндегі әріптестерімен және институт басшылығымен сөйлесіп, олардың позициясын тыңдаған.

«Біріншіден, зертхана жабылмайды. Сол Фесенков институтының негізінде 1974 жылы ашылған нақты бір зертхана бар. Оның басшылығы қазір – 92 жаста. Биыл 93-ке толады. Ең жас ғылыми қызметкері – 76 жаста. Бұл ертхана соңғы 20 жылда бірде-бір үлкен ғылыми жобаға қатыспаған. Гранттық қаржыландыру, нысаналы бағдарламалық жобаларға үш рет өтінім тапсырып, үшеуінде де қаржыландыру ала алмаған. Соңғы рет 2018 жылдан бастап бірде бір ғылыми мақала жарияламаған», - дейді Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында.

Министрдің айтуынша, ғылым саласында жастарға жол беруіміз керек. Әйтпесе, олар мүлде кетіп қалуы мүмкін.

«Ғылымда қан айналымы болуы керек. Жастарға жол беруіміз керек. Қазір біздегі ғылыми қызметкерлердің 46 пайызы – қырық жасқа дейінгі жастар. Яғни ақырындап жаңарып келе жатыр. Соңғы екі жылда ғылым саласына 3,5 мың жас ғалым қайта оралды. Қаржыландыру ұлғайды. «Жас ғалым» қауымдастығын құрдық. Сондықтан үміт бар. Жас буын келе жатыр. Бірақ біз де оларға мүмкідік беріп, жол ашуымыз керек. Неге десеңіз, жол ашылмаған жағдайда олар мүлде кетіп қалуы мүмкін», - дейді ол.

Осы себепті біздің министрлік институт басшылығының позициясын қолдайды, деп атап өтті Саясат Нұрбек.