Павлодар мен Абай облыстары өртті жасырып отырған: Бектенов ІІМ-ге кінәлілерді жазалауды тапсырды

Автор: Нұргүл Абай

Меморгандардың өрт кезіндегі іс-қимыл алгоритмі орындалмай отыр дейді премьер

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар және Абай облыстарында өрттің шыққаны туралы тиісті министрліктерге дер кезінде хабар бермегендерді анықтап, жауапқа тартуды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бектенов өрт сөндіру кезінде шұғыл әрекет етіп, тиісті күштерді жұмылдыру үшін мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі жаңадан әзірленгенін еске салды. Алайда, оның айтуынша, бұл алгоритм жұмыс істемей отыр.

«Биыл Павлордар және Абай облыстарында болған табиғи өрт бұл алгоритмнің орындалмай отырғанын көрсетті. Мысалы, Абай облысында орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері төтенше жағдай, ішкі істер және қорғаныс министрліктеріне өрттің шыққаны туралы дер кезінде хабар бермеген. Павлордар облысында да дәл осындай жағдай орын алды. Экология, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктеріне осы екі өңірдегі өрттің шығу себептерін тексеріп, тиісті шаралар қабылдап, кінәлілерді анықтауды және жауапкершілікке тартуды тапсырамын»,- деді Бектенов Үкімет отырысында.