$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.04.2025, 13:00
Қоғам

Қазақстанда декретке шыққан әйелдер 3 млн 400 мың теңге ала алады

Енді әйел бірнеше жұмыста қатар істесе де, декреттік төлемі белгіленген лимиттен аспайды

Қазақстанда декретке шыққан әйелдер 3 млн 400 мың теңге ала алады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Биыл сәуір айынан бастап Қазақстанда декреттік төлемдерді есептеу тәртібіне қатысты өзгеріс күшіне енді. Енді жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем 7 ең төменгі жалақыдан аспайтын орташа айлықпен есептеледі. Яғни бір емес, бірнеше жұмыста қатар істеп, айына 595 мың теңгеден артық табыс тауып жүрген жүкті әйел декретке шыққанда ең көп дегенде 2 499 000 теңге алады. Ал кейбір аналардың 3 391 500 теңге алуға да құқығы бар. Толығырақ Azattyq Rýhy материалынан оқыңыз.

Мысалы, қызметкер әйел жұмысынан 2025 жылғы сәуірде декретке шықса, оның орташа айлық кірісін анықтау кезінде 2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы наурызға дейінгі кезең ескеріледі.

«Егер соңғы 12 айдағы орташа айлық кіріс 595 000 теңгеден көп болса (жұмыс берушілердің санына қарамастан), онда ол әйелге жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем былай тағайындалады: емхана парағы 126 күнге берілген жағдайда – 2 499 000 теңге; емхана парағы 170 күнге берілген жағдайда –  3 391 500 теңге», - деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Айта кетері, ядролық сынақтың зардабын тартқан аймақта тұратын және жеңілдіктер мен өтемақыларға құқығын растайтын куәлігі бар әйелдерге емхана парағы 170 күнге беріледі. Яғни осы санатқа кіретін аналардың декреттік төлемі 3,4 миллион теңгені құрайды.

Дегенмен орташа айлық кірісі 595 мың теңгеден асатын әйелдер жұмыс беруші арқылы қосымша төлем ала алады. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші Қордан төленген соманы шегеріп, орташа жалақысын сақтай отырып, жүктілікке және босануға байланысты демалысқа ақы төлейді. Бұл еңбек шартында немесе ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актісінде көзделуі мүмкін. Егер мұндай ереже болмаса, қызметкер оны сол құжаттарға енгізуді талап етуге құқылы.

Ал соңғы 12 айдағы орташа табысы 595 мың теңгеден төмен әйелдер үшін жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібі өзгермейді.

Сегізінші сәуірден күшіне енген бұл өзгерістердің жұмыс істемейтін әйелдерге еш қатысы жоқ. Олар сол күйі сәби дүниеге келгенде мемлекеттен берілетін біржолғы төлем мен бала күтіміне байланысты жәрдемақыны ала береді.

Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 149 416 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге.

Ал отбасында егіз, үшем не төртем дүниеге келсе, біржолғы жәрдемақы әр сәбиге бөлек төленеді.

Естеріңізге салайық, жуырда елімізде декреттік төлем ашу үшін табысын асырып көрсеткен 113 әйелге қатысты 16 қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.

Серіктес жаңалықтары