Колледж студенттер Алматы облысындағы жалғыз антифриз зауытына барды
Шараны жұмысшы мамандықтар жылы аясында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған

Алматы облысында жастардың кәсіби бағытын айқындауға арналған кезекті маңызды бастама өтті: жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар колледж студенттерін аймақтағы жалғыз антифриз зауытын аралатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Жастар Рухы» жыл басынан бері еліміздің түкпір-түкпірінде мыңдаған студентке нақты өндірістік процестермен танысуға мүмкіндік беретін шаралар кешенін ұйымдастырып келеді.
Ал бұл жолы 30-дан астам студент Қазақстандағы жалғыз антифриз өндіруші — «Бағашар Мекен» ЖШС зауытына барып, өндірістік процестермен және кәсіпорынның ішкі құрылымымен жан-жақты танысты. Экскурсия барысында студенттер антифриз өндірісінің толық технологиялық циклін өз көздерімен көрді: соның ішінде шикізат қабылдау, араластыру, сапа бақылауы және дайын өнімді буып-түю сияқты процесс бар. Сонымен қатар, студенттер зауыттың заманауи зертханасын аралап, өнім сапасын бақылау жүйесімен танысты.
«Біздің басты мақсатымыз — жастарға нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік беру. Бұл — еңбек нарығына жас мамандарды сапалы дайындаудың маңызды тетігі. «AMANAT» партиясының бағдарламалық мақсаттарының бірі — жастарды жұмыспен қамту және олардың кәсіби дамуын қолдау», - дейді «Жастар Рухы» Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергенов. Зауыт жылына 25 мың тоннаға дейін антифриз өнімдерін шығарады. Өнім Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталады. Кәсіпорында 200-ге жуық адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі - жергілікті тұрғындар.
Іс-шара аясында колледж, зауыт және «Жастар Рухы» ұйымы арасында үшжақты меморандумға қол қойған. Осы құжаттың арқасында студенттер зауытта тәжірибеден өтіп, кейін тіпті жұмысқа қабылдана алады. Жыл соңына дейін осындай 20 колледжбен келісім жасалып, кемінде 500 студент тәжірибе мен жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
«Бұған дейін зауыт ішін тек сыртынан ғана көретін едік. Бүгін нақты өндірісті өз көзімізбен көріп, мамандармен сөйлесіп, өзіміздің болашағымыз туралы ойлана бастадық. Маған сапа бақылау бөлімі қатты ұнады — осы бағытта көбірек зерттеп, өзімді дамытқым келеді», - дейді Қонаев қаласының көпсалалы колледжінің студенті Әли-Әзиз Мұқан.
Жалпы, 2024 жылдың басынан бері Алматы облысында «Жастар Рухы» 6 өндіріс орнына экскурсия өткізіп, 100-ден астам студент өндіріс орындарына барған. Бұл бастама студенттердің болашақ кәсібіне ерте бейімделуіне және нақты жұмыс орнымен байланыс орнатуына мүмкіндік береді.