$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.04.2025, 10:50
Қоғам

Алматымен қатар Шығыс Қазақстанда да тау туризмі дамиды – Мырзабосынов

Туристер тауда демалғанда көп ақша жұмсайды

Алматымен қатар Шығыс Қазақстанда да тау туризмі дамиды – Мырзабосынов
Фото: istockphoto.com

Туризм және спорт министрлігі Алматы мен Шығыс Қазақстан өңірінде тау туризмін дамытуды қолға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, президенттің тапсырмасымен Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленген. Оның негізгі мақсаты – тау туризмін дамыту.

«Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, тауда демалатын туристердің орташа шығыны 350 АҚШ долларға тең. Бұл көрсеткіш жағажай туризмінде 50 АҚШ долларын құрап отыр. Бірқатар басқа өңірде, атап айтқанда Шығыс Қазақстан облысында тау туризмін дамыту әлеуеті зор. Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысының тапсырмасымен Катонқарағай мен Зайсанда әуежай салынып жатыр. Осыған байланысты, министрлік Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп тау туризмін дамытуды пысықтауды бастады», - деді ол Үкімет отырысында.

Министр келесі кешенді жоспардың жобасы «Маңғыстау» туристік аймағын дамытуға бағытталғанын атап өтті.

«Кешенді жоспар аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде Тұзбайыр, Қызылқұп, Торыш, Айрақты сияқты бірегей туристік орындар қолжетімді болады және жаңа объектілердің ашылуына мүмкіндік жасалады», - деді ол.

Сонымен қатар сұранысты қанағаттандыру үшін әрбір ұлттық паркті негізгі туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жаңа сапар-орталықтарын салу жоспарланып отыр. Барлық ұлттық паркте Бурабайдағы секілді кіру жүйесін цифрландыру қажет деп атап өтті Мырзабосынов.

Серіктес жаңалықтары