Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов Мәжілісте қаралып жатқан жаңа Салық кодексіне әлеуметтік салаға қатысты бірқатар маңызды түзету енгізу ұсынылғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл өзгерістердің мақсаты — білім, ғылым, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау салаларын қолдау және осы бағыттарда қымбаттауды болдырмау», - дейді Аймағамбетов.
Депутаттар ұсынып отырған өзгерістер:
- Мәдениет, тарихи-мәдени мұра және арнайы әлеуметтік қызметтер саласындағы ұйымдарды корпоративтік табыс салығынан толық босату;
- Отандық кітап басылымдары мен анимация индустриясын қосымша құн салығынан босату;
- Білім, ғылым, спорт және денсаулық сақтау ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығын 5%-ға дейін төмендету;
- Қатерлі ісік, орфандық, психикалық, жүрек-қан тамырлары, бүйрек, аутоиммунды, диабет және басқа да күрделі ауруларды емдеуге бағытталған медициналық қызметтерді ҚҚС-тен босату; ал қалған бағыттар бойынша ҚҚС-ті қазіргі 0% күйінде сақтау немесе компромисс ретінде 5%-ға дейін азайту;
- Осы ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмекті ҚҚС-тен босату, ал басқа бағыттар бойынша 0%, болмаса компромисс ретінде 5%-ға дейін азайту;
- Әдеби, көркем және ғылыми шығармалар үшін авторлық алымдарға салық жеңілдіктерін беру.
Депутаттың айтуынша, бұл түзетулер жұмыс тобының отырыстарында талқыланып жатыр. Нақты шешім әлі қабылданбаған.