Ескі пойыздарға интернет тарту техникалық жағынан мүмкін емес дейді министрлік өкілі
Қазақстанда «Тальго» пойыздары жүретін 16 бағытта вагондарда интернет пайда болады. Әзірге пилоттық жоба «Астана-Алматы» бағытында ғана басталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін елімізде пойыздарда интернет іске қосылатыны хабарланған болатын. Үкіметте өткен брифингте журналистер пилоттық жоба қалай жүріп жатқанын сұрады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков пилоттық жоба биыл қаңтар айында басталғанын атап өтті.
«Қазақстан темір жолы» компаниясының ақпаратынша, елімізде Тальго пойыздары жүретін 16 бағыт бар. Дәл қазір техникалық жағынан осы пойыздар ғана вагон ішінде интернет тарата алады. Ескі, кеңес заманынан келе жатқан вагондарда бұл жүйені енгізу мүмкін емес. Біз қазір ҚТЖ-мен осы 16 бағытты интернетпен толығымен қамту үшін жоспар құрып жатырмыз. Қазір Астана-Алматы бағытында ғана интернет бар», - деп жауап берді Сейсембеков.
Комитет төрағасы пилоттық жоба туралы жолаушылардан оң пікір түсіп жатқанын айтты.
«Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін біз техникалық пилоттық жобаның қорытындысын шығарамыз. Пойыздарға интернетті жоспарлы түрде тартамыз. Біріншіден, жолаушылар көп жүретін және ешқандай байланыс ұстамайтын бағыттарды интернетпен қамтимыз. Сол себепті қазір интернет барлық пойызда қашан пайда болатынын айту қиын», - дейді ол.