«Вирустың таралу деңгейі 5%-дан төмендесін» – Бас санитар СПА, бассейн, монша жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

Әзірге көпшілік жиналатын шаралар ұйымдастыруға болмайды

фото: avm.com.kz

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова еліміздегі спорт нысандары әзірге толыққанды жұмысын бастамайтынын айтты.

«Спорт нысандарын ашу туралы менің қаулымда бар. Аурудың таралу деңгейі 5%-дан төмен болғанда көрерменсіз жаттығу өткізуге рұқсат беріледі. Ал, көпшілік жиналатын шаралар ұйымдастыруға болмайды. Инфекцияның қазіргі таралу деңгейі шектеулерді толығымен алуға мүмкіндік бермейді», - деді ол брифингте.

Бас санитар дәрігер бассейндер мен аквапарктердегі әлеуметтік арақашықтық талаптары жайында да мәлімет берді. 

«Бассейнде әр адамға кем дегенде, 5 шаршы метр жерден келуі тиіс. Бұл жүзетін адамдарға әлеуметтік қашықтықты сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, адам саны нысанның аумағына қарай анықталады. Келушілер ішке бірден емес, кезектесіп кіреді», - деп пікір білдірді А.Есмағамбетова.

Бас санитар дәрігер СПА, фитнес орталықтары және монша туралы да айтты.

«Өкіметаралық комиссияның шешімі бойынша аймақтарда вирустың таралу деңгейі бір апта ішінде 5%-дан аспаған жағдайда, қоғамдық орындардың (СПА-орталықтар, фитнес орталықтары, монша, спорт клубтары (көрерменсіз) жұмысы қайта жанданады. Біз осылайша карантиндік шараларды жеңілдетіп жатырмыз. Қаулы бойынша аталған нысандар қатаң талаптарды сақтай отырып жұмысын жалғастырады», - деді ол.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан