Оның айтуынша, жыл сайын сәуір-мамыр айларында «баламды оқуға түсіріп берші» деген өтініш көп түседі екен
Оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов әлеуметтік желісінде былтырғы жазбасын қайта таратып, жақындары мен туыстарының алдында ағынан жарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, жыл сайын сәуір мен мамыр айы келгенде «баламды оқуға түсіріп берші» деп өтініш айтатындар көбейеді екен. Және Ернұр Дәуеновтің айтуынша, «көмектесе алмаймын» десе ренжіп, байланысын үзіп кететіндер де болады екен.
«Неге? Өйткені, олар НИШ, РФМШ, БИЛ-ға түсуге көмек сұрайды. Білдей республика бойынша білім саласында бақылау жүргізетін министрліктегі комитет басшысының қолынан келмейді дегенге ешкім сенбейді. Иә, қолымнан келмейді, ешкімнің қолынан келмейді!», - дейді Дәуенов.
Осылайша, комитет төрағасы атап өткендей, осы мектептердің бәрі емтиханды таза жүйеде өткізеді.
«Оған әр аймақты қамтыған 130 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер желісін де жатқызуға болады. Қазір республикалық «Дарын» орталығы балаларды қабылдау емтиханын толықтай өз қолдарына алып, таза іріктеу жүйесін енгізді. «Дарын» орталығы министрлікке бағынышты ұйым болса да, көмек көрсету мүмкін емес, өйткені барлық қабылдау процесі барынша автоматтандырылған.Мен ешкімге көмектесе алмаймын, көмектескім де келмейді», - дейді ол.