Қыркүйекке дейін «Халық денсаулығы туралы кодекске» өзгеріс енгізу керек – Зәуреш Батталова
Кодекстің негізі дәрігерлердің жалақысын көбейтуден басталуы керек дейді қоғам белсендісі
«Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының жетекшісі Зәуреш Батталова жуырда Сенат қарауына өткен «Халық денсаулығы туралы кодекске» қыркүйектен қалдырмай тағы өзгеріс енгізу керек деген пікірін білдірді. Қазақстан қанша жерден жаңа аурухана салып, бірақ дәрігерлерінің жалақысы аз болса, одан пайда жоқ дейді Батталова.
«Өткен айда Халық денсаулығы туралы кодекс қабылданды. Кодекске қарсы шығып, құжатқа қазір өзгеріс енгізбей-ақ қойған дұрыс деген адамың бірі мен едім. Бұл Кодексті толығымен қайта қарап шығып, оның негізін денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерің жалақысын өсіруден, оларға өзінің еңбек қызметін дұрыс орындауы үшін жағдай жасаудан, оларды құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуден, олардың жұмысын қауіпсіз ету мәселесінен бастап, қайта жазу керек деген едім», - дейді ол.
Батталованың айтуынша, Қазақстанға жеткен коронавирус инфекциясы біздің дәрігерлердің қаншалықты осал топта екенін байқатқан.
«Адамдардың денсаулығын сақтайтын дәрігерлердің өзі оттың ортасында қалды. Өйткені, біз оларды қорғаныс құралдарымен қамтамасыз еткен жоқпыз», - дейді Батталова.
Бірақ саяси қайраткер Кодекс Сенатқа өтіп кетсе де, осы жылдың қыркүйегінен қалдырмай, жаңа өзгерістер дайындау керек деген ұсынысын жария етті.
«Үкімет те, Парламент те уақыт созбай, осы жылдың қыркүйегінде осы заңға өзгерістер мен толықтырулар дайындау керек. Өйткені, бұл жерде ұлт денсаулығының тағдыры тұр. Егер біз дәрігерлеріміздің жалақысын көтере алмасақ, оларды қамтамасыз ете алмасақ, қандай ұлт тағдыры туралы айтуға болады? Бірыңғай сақтандыру жүйесі, заманауи аурухана салу, мұның барлығы ұлт денсаулығын көтеру, жемқорлықтың алдын алу, дәрігерлердің жалақысын арттыру, еңбекке жақсы жағдай жасаудың алғышарты бола алмайды», - деді Батталова.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан