Қарағанды облысында бір үйдің қыздары тазы бағып, бүркіт баптайды (ВИДЕО)
Оқушы қыздар осылайша әкелеріне қолғанат болып жүр

Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Баймырза ауылында тұратын Аяулым және Айару Мейіржановалар өздері тазы баулып, бүркіт баптап жүр, деп жазады Azattyq Rýhy Balapan телеарнасына сілтеме жасай отырып.
Телеарнаның эфиріне тазы мен бүркітін әкелген қыздар ата-анасы осылайша қазақтың салт-дәстүрін кішкентай кездерінен бойларына сіңіргенін айтты.
«Менің тазымның аты – Жүлде. Осы уақытқа дейін көп жүлде алды. Тазыдан қорқудың қажеті жоқ. Тазы адамды қаппайды, керісінше, жақсы көреді», - дейді тазысын таныстырған Аяулым.
Ал, кішкентайынан бүркіт баптап үйренген Айару болса бүркіт негізінен жыртқыш аң екенін, сондықтан оны абайлап ұстау керек екенін айтады.
Жалпы, Аяулым мен Айарудың әкесі үйлерінде бүркіт ұстап, оншақты тазы асырап отырған көпбалалы әке екен. Қыздары сабақтан бос уақытында оған қолғабыс етіп, тазы мен бүркітті әртүрлі жарыстарға баптап үйренген.