Ол отырыста айтылған маңызды бастамаларды қолдады
Қарағанды университетінің филология факультетінің оқытушысы, облыстық мәслихат депутаты Айтбай Жұмағұлов Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында көтерілген маңызды бастамалар жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың отырысында айтқан бастамаларын оқып шықтым. Бұл жолы отырыста бірқатар түйіткілді маңызды мәселелер көтерілген. Әсіресе, адамның ар-намысын әлеуметтік желі, БАҚ беттерінде орынды, орынсыз даттайтын адамдарға тыйым салу. Біртұтас білім жүйесіндегі тәрбиенің маңызы бірінші кезекке қойылғаны көңілді жұбатады. Себебі тәрбие білімнің алдында жүруі керек. Ұрпақты тәрбиелей алсақ, келешегіміз жақсы болады. Қанша ғалым, дарын болсын, оның бойында тәрбие болмаса, ұлтқа пайдасы тимейді», - деді Жұмағұлов.
Оның айтуынша, Торғай, Арқалық өңіріне магистральды жол салудың өзі халыққа үлкен серпіліс әкеледі.
«Шалғайда қалған жерлерге күретамыр жолдардың салынуы халыққа серпіліс әкеледі. Ұлттық құрылтайда көп мәселе, көп пікір айтылды. Сондай-ақ құрылтайда ономастика мәселелері көтерілді. Кеңес үкіметінде аттары шығып, халыққа зияны тиген азаматтардың атына көше беру де айтылды. Осындай мәселелерді қолдаймыз. Оның жүзеге асуына барлығымыз атсалысуымыз керек», - деді Айтбай Жұмағұлов.
Еске салсақ, бүгін Бурабайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысын өткізді.