Тоқаев «тарихи еңбегі» жоқ адамдардың атына көше беруді қою керек дейді
Ономастика саласы қатаң реттелетін болады

Шенеуніктер осы күнге дейін көше атаулары мен елді мекендерге ат берерде тамыр-таныстыққа жол беріп келген. Сондықтан саланы орталықтандыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Президент Бурабайдағы ауқымды жиында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет. Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды. Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы бұл жұмысты ретке келтіру керек», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілгеніни айта келе, қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет екенін де ескертті.
«Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн. Бұл жерде ешқандай науқаншылдық болмауы керек. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды. Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағдай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осындай көшелердің атауын ретке келтіру қажет», - деді ол.
Тоқаев жекеменшік нысандарға атау бергенде де креатив деп артық кетпеу керек дейді. Осы ретте ол кәсіпкерлерге де үндеу жасады.
«Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек. Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн. Қазір депутаттар ономастика комиссиясының келісімімен ғана жеке нысанды адам атымен атауға рұқсат беретін түзетулерді қарап жатыр. Бұл – дұрыс шешім», - деді Тоқаев.