Қазақстандағы 78 вокзалды жөндеуге 150 млрд теңге қажет: ҚТЖ халықаралық ұйымнан қарыз алатын болды
Вокзалдардың жаңаруы пойыз билетінің бағасына әсер етпейді деп сендірді министр

Биыл сәуір айында еліміз бойынша 78 теміржол вокзалында жөндеу жұмысы басталады. «Қазақстан темір жолы» компаниясы жөндеуге халықаралық ұйымнан қарыз алғалы жатыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Azattyq Rýhy тілшісіне көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Өткен аптада өткен Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев осы жылы Қазақстанда 53 теміржол вокзалы жөнделетінін мәлімдеген еді. Алайда реконструкциядан өтетін вокзалдардың саны 78-ге дейін ұлғайған.
«Вокзалдар жөнделеді деген әкімдіктер тағы өтініш берді. Сол себепті вокзалдардың саны 53 емес, қазір 78 вокзал қарастырылып жатыр. Жобалық-сметалық құжаттама әзір болған соң, нақты құны шығады», - деді Қарабаев бүгін Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, вокзалдарды жөндеу үшін ҚТЖ халықаралық қаржы ұйымынан қарыз алып жатыр.
«ҚТЖ халықаралық ұйымнан қарыз алып жатыр. Соның есебінен жөнделеді. Ертең ол қарыз ҚТЖ тарапынан төленеді. Бұл қаражат тек қана вокзалға емес, басқа да жобаларға қарастырылған. Бюджеттен ақша бөлінбейді», - деді ведомство басшысы.
Көлік министрлігінің болжамынша, бір вокзалды жөндеуге 2 млрд теңге қажет.
«Менің ойымша, бір вокзалды жөндеу шамамен 2 млрд теңгеден асады. Мысалы, Маңғыстаудағы вокзалдың жағдайын көрсеңіз, мүлдем сын көтермейді. Ол жақта түбімен жаңа вокзал саламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл 5 млрд теңгеден асады. Сонда 78 вокзалға біздің есебіміз бойынша 150 миллиард теңгеден астам ақша қажет болады», - деп мәлімдеді Қарабаев.
Теміржол вокзалдарында жөндеу жұмыстары алдағы сәуір айында басталады. Жөндеу жұмыстары кезінде вокзал толығымен жабыла ма, жоқ па әзірге белгісіз.
«Бүгін сол мәселені талқылаймыз. Әрине, тұтынушыларға қолайсыздық тудырады. Дегенмен премьер-министрдің тапсырмасы бар: бір жыл ішінде бүкіл вокзалды реттейміз», - деді министр.
Марат Қарабаев вокзалдардың жөнделіп, жаңаруы теміржол билетінің бағасына әсер етпейтінін атап өтті.