«Мені Заманбек Нұрқаділовпен жолықтырды»: Қыдырәлі Болманов Мақпал Жүнісова туралы ешкім білмейтін сырды айтты
Оның айтуынша, марқұм Заманбек Нұрқаділов оған қолдау көрсеткен

Әнші әрі продюсер, «Ұлытау» тобының негізін қалаған Қыдырәлі Болманов кезінде өзі өнер көрсеткен «АБК» тобының концертін ұйымдастыруда Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісованың қандай көмегі тигенін айтып берді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Әнші әлеуметтік желісіне Мақпал Жүнісовамен түскен суретін жариялап, кезінде болған оқиғаны еске алды. Оның айтуынша, марқұм Заманбек Нұрқаділов Алматы қаласының әкімі болып тұрғанда «АБК» тобының концертін өткізу үшін орын табуға қолғабыс еткен екен. Ал, Заманбек Нұрқаділовтің қабылдауына кіру үшін Мақпал Жүнісова көмектесіпті.
«Мақпал ханымды алғаш рет халықаралық «Азия Дауысы» конкурсында көрдім. Таныса келе өзіне ғана тән, ашық-жарқын, көңілді көтеретін ғажап күлкісін таныдым. Әнші ретінде өз алдына бір мектеп, адамгершілігі бұдан да бөлек. «АБК» тобының алғашқы концертіне дайындалып, зал іздеп жүргенде, Мақпал ханымды көріп, қуанып кеттім», - дейді Қыдырәлі Болманов.
Өйткені, өзінің айтуынша, ол жылдары Мақпал Жүнісованың күйеуі Заманбек Нұрқаділов Алматы қаласының әкімі болып тұрған екен. Қыдырәлі Болманов мүмкіндіктен айырылмай, Мақпал Жүнісовадан «әкімге жолықтырыңызшы» деп қолға салған.
«Шамамен 10 минуттан кейін Мақпал ханым телефон соғып, «бүгін сағат 16:20-да бар, қабылдайтын болды» деді. Алғысымды жаудырып жатырмын. Уақытында бардым. Ағаның кабинетіне кіріп келсем, «қабылдаймын, міне өзі де келді» деп телефонмен сөйлесіп жатыр екен. Маған қарап «әрине, көмектесемін» деп жымиды. Заманбек аға бірден қолдады. Адам сыймай, керемет концерт болды. Мақпал ханымды көрсем, сол жылы әкімге кіргізіп қана қоймай, ұмытпай, «келді ме, қабылдадың ба?» деп жанашырлық танытып жатыр екен. Сол әппақ ниетін ешқашан ұмытпаймын», - дейді Қыдырәлі Болманов.
Айта кетейік, бұған дейін Қыдырәлі Болмановтың Иманғали Тасмағамбетовпен қалай кездескенін жазған едік.