$ 499.76  521.7  5.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Тауға шыққан жолыңмен түс»: 2-3 күн ұйықтамаған Қыдырәлі Болмановты Тасмағамбетов қалай оятып алған (ВИДЕО)

Әншіге Тасмағамбетовтің көмекшісі телефон шалып, әкімдікке шақырып алған екен

«Тауға шыққан жолыңмен түс»: 2-3 күн ұйықтамаған Қыдырәлі Болмановты Тасмағамбетов қалай оятып алған (ВИДЕО)
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Әнші Қыдырәлі Болманов жаңа сұхбатының үзіндісін жариялап, 2004-2008 жылдары Алматының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетовтің оны өз кабинетіне қалай шақыртқанын есіне алды, деп жазады Azattyq Rýhy. 

«Бір күні Астанадан жаңа жылға қонаққа келген досымды шығарып салдым. Жаңа жыл қарсаңында 2-3 күн ұйқы қанбаған, үйге жетіп, ұйқы деген «айырылмас махаббатымның» құшағына «бетпен» құлап, ұйқыны бір қандырсам, болды деген ойда ғана тұрдым. Сол сәтте телефон шырылдады. Таныс емес нөмір. Көтердім. «Ало, сәлеметсіз бе, Алматы әкімдігінен, Иманғали Нұрғалиұлының қабылдау бөлмесінен қоңырау шалып тұрмыз. Қыдырали Нұртайұлысыз ба?» деді. «Иә, менмін» дедім. «Сізді Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов кешкі сағат 20:00-де күтеді» деді. Ұйқы деген арсыз ғой, оның үстіне демалыс: «кешіріңіз, бүгін үлгермеймін» дей бергенім сол еді: «Сіз қайдасыз?» деді телефоның арғы жағындағы адам жұлып алғандай. «Тауға шығып кетіп едім» деп едім, хабарласып тұрған азамат та осал «жау» емес екен: «Сол тауға шыққан жолың бар емес пе, сен айналайын, сол жолмен қайтадан түсе ғой, сағат 21:00-де Иманғали Тасмағамбетов сені күтеді» деді. Сөз тапқанға қолқа жоқ, келіспеуге амалым болмады, сағат 21:00-де әкімнің кабинетінің есігін аштым», - дейді жазбасында Қыдырәлі Болманов.

Ал, жобадағы сұхбатында Болманов «әкімдіктің жұмыс істеу жүйесін мүлде түсінбейтінін» айтып, бірақ, Америкадан жүлде алғанда қолын қысқан жалғыз шенеунік Иманғали Тасмағамбетовтің ұсынып отырған жұмысына қалай келісім бергенін айтып берді.

«Бір жағынан, мен түк түсінбей отырған соң қалай «иә» дерімді, екінші жағынан, «Ұлытау» тобымен бірге Америкадан жеңіспен оралғанда біздің қолымызды алып, құттықтаған жалғыз шенеунік – Иманғали Тасмағамбетовке қалай «жоқ» деп айтарымды білмей отырмын. Бар айтқаным «қашан?» деген сөз болды. Қысқасы, қандай жобаға келіскенімді білмесем де «келісемін» деп айтып қойғанымды түсіндім. Иманғали Тасмағамбетов өзі де ұйықтамайды, өзгеге де ұйқы бермейтін, күні-түні елге қызмет ететін адам», - дейді Қыдырәлі Болманов.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда әлеуметтік желіде Айзада есімді қыз өзін «Қыдырәлі Болмановтың бірінші әйелінен туған қыз» деп таныстырып, бұны ашық айтқан еді. Болманов бұл мәлімдемеге қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.

Серіктес жаңалықтары