Депутат Қазақстандағы бүкіл зейнеткердің несиесін кешіруді ұсынды

Автор: Бақыт Шынар

Қайрат Балабиев 32 мың теңге зейнетақысын түгел несиеге төлейтін зейнеткер туралы айтып берді

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Қайрат Балабаев премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдай отырып, банктер алдында қарызға батқан зейнеткерлердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Мәжіліс жан-жақты қарап, президент қол қойған банкроттық туралы заң жобасының тетіктері дамымаған.

«Аталған Заң борышкерлердің ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ, өтініш беруге оңтайлы жағдай жасауы тиіс еді. Сондай-ақ, оның шарттарында 6 млн. 291 мың теңгеден  аспайтын қарыздарды  банкроттыққа тапсыруға болатыны көрсетілген.  Алайда, шын мәнісінде, бұл Заң да, банкроттыққа тапсыру тетігі де дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Қолда бар жалғыз ресурс «Е-өтініш» қосымшасы арқылы жолданған өтініштер  қанағаттандырылмай отыр. Соның салдарынан өмір бойы бейнеттеніп зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлер зейнетақысынан қағылып жатыр», - дейді депутат.

Ол бұл ретте бар-жоғы отыз мың теңге шамасындағы зейнетақысы картасына түспей жатып банктердің қолында кететін зейнеткерлер туралы айтты.

«Банктерге барсаңыз, бар-жоғы 32 мың теңге зейнетақысы банк картасына түспей жатып жоқ болып кеткен, зар илеген зейнеткерлерді көресіздер. Жағдайды зерттесек, зейнетақы «кіріс көзі» болып саналады және зейнетақы әлеуметтік қорғалған есепшот санатына жатпайды. Әлеуметтік қорғалған есепшоттарды  ашу тек «Каспий банкі», «Халық банкі» және «Центр кредит» банктеріне бекітілген. Бұл банктердің филиалдары тұрмақ, банкоматтары жоқ жер көп. Барлық жерде банкоматтары болмаса да, бөлімшелері бар «Қазпошта»  әлеуметтік қорғалған есепшоттарды ашуға болатын тізімге  енбеген. Бұл қасақана жасалған әрекет емес пе?», - дейді ол.

Өз депутаттық сауалында депутат микроқаржы ұйымдарының құйтырқы әрекеттерін де ашық сынап, мәселе көтерді.

«Біздің микроқаржы ұйымдары айлықтан-айлыққа деп аз ақша беріп алдап, айналдырған 30 мың теңгені төлей алмаса да, оған он еселеп өсім қосып, қарызға батырып жатыр. Ешбір табыс көзі жоқ азаматтарға уақытша көмек болғанымен, оңайлықпен құтылмайтын қарызға айналып кететінін көпшілік біле бермейді. Бірақ, бұл біздің бұқараның тоқтығын көрсетпейді. «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының аясында азаматтардың қаржылық сауаттылығы арттырылып жатыр. Ойланбастан несие алатындардың қатары сиреп келеді. Президент тапсырмасымен Заң қабылданғанның өзінде, банкроттыққа тапсырудың неге қиындап кеткенін кім түсіндіреді?», - дейді сұрақ қойған ол.

Өз сөзінде Қайрат Балабиев «зейнетақы қорынан қомақты қаржыны алып, ел игілігі үшін пайдаланып жатқандықтан, зейнетақыны «кіріс көзі» деп санау -  ұят емес пе?» деген сұрақтың жауабын таппаған.

«Зейнетақы жинағына қол салғанымыз аздай, зейнеткерлерге зейнетақысын жегізбеуіміз елдігімізге сын болар», - дейді ол. 

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып Қайрат Балабиев:

  1. Әділет органдарына берешегі бар зейнеткерлердің зейнетақы есепшоттарын бұғаттаудан босатуды;
  2. Республикалық базадан банктерде берешегі бар зейнеткерлерді бақылап анықтауды;
  3. Құзырлы органдарға зейнеткерлердің соттан тыс және сот арқылы «банкрот» деп тану процесін жеңілдетуді;
  4. Зейнеткерлердің қарызын кешіруді;
  5. Барлық екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» мекемесінен де зейнеткерлер үшін әлеуметтік қорғалған есепшоттарды жаппай ашуды ұсынды.