$ 496.71  531.33  5.55
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Банктер кепіл мүлкіне өздері жауап берсін»: депутат тұрғын үйді міндетті сақтандыруды ұсынды

Бұл су тасқыны кезінде шығынды азайтуы мүмкін

«Банктер кепіл мүлкіне өздері жауап берсін»: депутат тұрғын үйді міндетті сақтандыруды ұсынды
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев табиғи апаттарға қатысты мәсеое көтере отырып, тұрғын үйді міндетті сақтандыруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан аумағының шамамен 70%-ы табиғи апаттар қаупіне бейім. Сонымен қатар, сейсмикалық қауіпті аймақтар елдің 40%-ын қамтиды, онда 7 миллионнан астам адам тұрады. Қазір су тасқыны маусымы келе жатыр. Өткен жылдың тәжірибесі көрсеткендей, жылжымайтын мүлікті сақтандыру болмаған кезде үлкен қаржылық шығындар мемлекет бюджетіне жүктеледі. Иә, біз, мемлекет ретінде, әрдайым президенттің шешімділігі арқасында қиын сәттерде барынша көмек көрсетуге дайынбыз», - дейді депутат.


Оның айтуынша, су тасқынының жыл сайын қайталанатынын және бюджет қаражатының шектеулі екенін ескере отырып, мемлекет тұрғын үйлерді жыл сайын толық қалпына келтіруге кепілдік бере алмайды.

«Дамыған елдерде тұрғын үйді сақтандыру – қалыпты тәжірибе. Бірақ біздің елімізде бұл әлі сирек кездесетін құбылыс. Бүгінгі таңда бұл сақтандыру түрі сақтандыру нарығының небәрі 2-3%-ын ғана құрайды. Әлемдік тәжірибе сақтандыру жүйелерін, әсіресе табиғи апаттар қаупі жоғары аймақтарда дамыту қажеттілігін көрсетеді. Алайда Қазақстанда бұл жүйе жеткілікті дамымаған. Осыған байланысты, бізде тұрғын үйді сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған, бұл халықтың қызығушылығының жоқтығынан емес, сақтандыруды дамытуға жауапты мемлекеттік органдардың кәсібилігінің жеткіліксіздігінен туындап отыр», - дейді Бейсенбаев.

Ол сақтандыру компаниялары үшін «әділ ойын ережелері» заңнамалық олқылықтардың кесірінен анықталмағанын айтады.

«Қазіргі жағдайдың негізгі себебі – қолданыстағы сақтандыру шарттары халық үшін тиімсіз және ауыртпалық тудырады. Азаматтар қаржылық шығындарды өтеуге нақты кепілдік бермейтін сақтандыруды алудың мағынасын көрмейді.Банктердің екінші деңгейлі заемшыларға ұсынатын тұрғын үйді сақтандыру шарттарын қарастырайық», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат ипотекалық мүлікті сақтандыру көбінесе тек несие сомасын ғана қамтитынын айтты.

«Бұл ретте бастапқы жарна мен ай сайынғы төлемдер есепке алынбайды. Осылайша, банк тек өз мүддесін қорғайды, ал заемшының қаржылық шығындары назардан тыс қалады. Банктер заемшыларға сақтандыру компаниясын таңдау құқығын бермейді, оларға нақты компанияларды ұсынады.Сонымен қатар, банк көбінесе сақтандыру шарттарында сақтандыру агенті және пайда алушы ретінде әрекет етеді.Яғни, олар сақтандыру шарттарына және залалды өтеу процесіне ықпал ету мүмкіндігіне ие болады.Нәтижесінде, сақтандыру жағдайы орын алған кезде, заемшы төлемнен бас тарту қаупіне тап болуы мүмкін», - деді ол.

Азаматтық кодекстің (313 және 359-баптары) нормаларына сәйкес, заемшы тіпті табиғи апаттар кезінде де кепілдегі мүліктің сақталуына толық жауапты.

«Банк, керісінше, өзінің қарамағындағы мүліктің сақталуына жауапкершіліктен босатылады.Бұл құқықтық теңсіздік әділеттілік қағидатына қайшы келеді. Мысалы, егер заемшы жер сілкінісі салдарынан кепілдегі мүлкін жоғалтса, ол банк алдындағы несиені төлеуге міндетті болып қала береді.Егер қарызды төлеу мүмкін болмаса, банк басқа мүлкі есебінен қарызды өндіріп алады.Қорытындылай келе, банктер өздерінің үстем жағдайын пайдалана отырып, сақтандыру бойынша заемшыларға тиімсіз талаптарды мәжбүрлейді және қосымша пайда табуға тырысады», - деді ол.

Осыған байланысты, депутат мынадай ұсыныстарды айтты:

  • Сақтандыру келісімшартында кепілдегі мүліктің нақты нарықтық құнын көрсету міндетті болсын.
  • Ипотекалық кредит беру кезінде заемшыларға сақтандыру компаниясын таңдау құқығын беру және банктердің сақтандыру агенттері ретінде әрекет етуіне тыйым салу.
  • Банктер кепіл мүлкін өз есебінен сақтандыруға міндеттелсін, заемшыларға қаржылық ауыртпалық артылмасын.
  • Үкімет пен Агенттік шұғыл түрде табиғи апаттардан жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыру туралы заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізуі тиіс.
  • Ең бастысы, табиғи апат қаупі бар аймақтарда тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру жүйесін енгізу қажет.
Серіктес жаңалықтары