Қазақстанда төрт жасар балалар интернеттен тауар сатып алып жүр – депутат
Ол балалардың әлеуметтік желіні қарайтын уақытын заңмен шектеуді ұсынды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен премьердің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдай отырып, әлеуметтік желілердің мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, «шетелдік психологтар әлеуметтік желі жастар арасында депрессияны күшейтіп, назар аудару қабілетін төмендетіп, тәуелділік тудырып, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынасты әлсірететінін» дәлелдеген әрі осы тақырыпта авторлық кітаптарын жазған.
«Халықаралық Kaspersky Lab компаниясы өткен жылы жүргізген сауалнамаға назар аударсақ, санаға салмақ түсіріп, көңiлге мұң әкеледi. Оның деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Ал оның 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізетіні белгілі болды. Жасөспірімдердің 74 пайызы TikTok-ты, 59 пайызы – YouTube-ты, 57 пайызы – Instagram-ды белсенді пайдаланады. Әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді. Ата-аналардың 62%-ы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды», - дейді ол.
Сондай-ақ, Жарқынбек Амантайұлы атап өткендей, 4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы тауар сатып алады екен.
«Әлеуметтік желіге деген тәуелділіктің зардабы тым ауыр. Қазір Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді сауықтыруды қолға алды. Желіге желіккендер психологиялық, физикалық, әлеуметтік қиындыққа тап келуде. Мысалы, Гонконг Қытай университетінің зерттеулері бойынша, интернетке тәуелді жасөспірімдер арасында психологиялық ауытқуларға тап болу көрсеткіші 2,5 есе жоғары. Депрессияға шалдығу ықтималдығы 3 есе көп болады екен», - дейді ол.
Бұл елдерді атаған Мәжіліс депутаты Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Австралия және тағы басқа дамыған елдерді мысал етті.
Атап айтсақ, Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасын ұсынылды. Оған сәйкес, балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайдалануға тыйым салынды. Франция үкіметі 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектептерде телефон пайдалануға тыйым салып, балалардың интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді. Осындай ондаған мысалды келтіруге болады. Елдің болашағын, өскелең ұрпақтың қамын ойласақ, онда қазірден бастап нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Яғни, жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңмен реттеу керек», - деген ол бірқатар ұсыныстарын жария етті.
- Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ведомствааралық топ құрып, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажет;
- Әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын белгілеу бойынша тиісті ұсыныс әзірленуі керек;
- Ата-аналар ішін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құруды ұсынамын;
- Жасөспірімдер арасында физикалық белсенділікті дамыту – интернетке тәуелділіктің алдын алудың тиімді жолдарын қарастыру қажет;