$ 495.95  535.28  5.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.03.2025, 11:03
Қоғам

Астанада бір пәтерге тіркеуге болатын адам санына шектеу қойылады

Бұл шектеу ерлі-зайыптының туыстарына қатысты емес

Астанада бір пәтерге тіркеуге болатын адам санына шектеу қойылады
Фото: istockphoto.com

Келешекте Астанада «резеңке» пәтерлер болмайды, себебі елордада тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту ұсынылып отыр. Тиісті норма «Кейбір заңнамалық актілерге астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы көзделген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, заң жобасы аясында елордадағы көші-қон процесі реттеледі.

«Әлемдегі ірі қалаларда сапалы білім мен медицина, дамыған инфрақұрылым, инновациялар мен технологиялар шоғырланған. Бұл өз кезегінде урбанизацияға әсер етеді. Осы процесс біздің  елімізге де тән. Қазір халық ірі қалаларда өмір сүруге талпынуда, бұл пәтерлерде тұрғындардың санын шектеусіз тіркеу проблемасына алып келді. Тәжірибе көрсеткендей, тұрғын үй иелері үйінде нақты тұрмайтын жүздеген азаматты тіркеген», - деді Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы проблеманы шешу үшін пәтерге тіркелетін адам санына шектеу қою ұсынылып отыр.

«Елорда аумағында тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту, яғни мәслихатпен алдағы уақытта бір азаматқа қанша шаршы метр тиісілі екені белгіленеді. Астана аумағында бір мекенжайда нормативтен артық тіркеуге тыйым салу бойынша өзгерістер енгізіледі.  Бұл ретте, тіркеу нормативтері тұрғын үй иесі мен оның жұбайының жақын туыстарына қолданылмайды», - деді министр.

Сондай-ақ, тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын адамдарды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі.

Серіктес жаңалықтары