$ 501.49  525.71  5.77
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Абай облысы мен Шымкентте қоқыс мүлдем сұрыпталмайды - экологиялық кеңес коммуналдық қалдық мәселесін талқылады

Елімізде 60 мың қоқыс контейнері жетіспейді 

Абай облысы мен Шымкентте қоқыс мүлдем сұрыпталмайды -  экологиялық кеңес коммуналдық қалдық мәселесін талқылады
Фото:Azattyq Rýhy

Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы экологиялық кеңестің отырысында коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру тақырыбы талқыланды. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары мен министрліктердің лауазымды тұлғалары және Астана, Алматы, Шымкент әкімдіктерінің өкілдері, партия жанындағы аймақтық Экологиялық кеңестердің төрағалары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары Руслан Төкеновтің айтуынша, 2024 жылы елімізде шамамен 4,8 миллион тонна коммуналдық қалдықтар шығарылған, оның 25,8%-ы сұрыпталып, қайта өңделді, қалғаны қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына көмілген. Ол саланың барлық акпектісін қамтып, өңірлердегі коммуналдық қалдықтарды басқарудың барлық жүйесін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу керек дейді.

«Қазіргі уақытта бағдарлама 211 аудан мен қалада, 118 елді мекенде бекітілген, 56 елді мекенде іске қосылуға дайын, 16 елді мекенде әзірлеу сатысында тұр. Қалған 21 елді мекен кіретін Абай, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында жұмыс нашар жүргізіліп отыр. Екінші мәселе – коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Өткен наурыз айында әкімдіктермен бірігіп өңірлердегі контейнерлердің, қоқыс таситын көліктердің санын анықтап, қоқыс сұрыптау желілерінің сапасын талдадық. Әкімдіктердің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде жалпы 133 мың контейнер бар, әлі де 60 мың контейнер жетіспейді. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарын контейнермен қамтамасыз ету жұмысы нашар жүргізіліп отыр. Үлкен қалаларда қоқыс тасу техникасының саны -1681 бірлік, шамамен 900 бірлік техника жетіспей отыр. Абай облысы мен Шымкент қаласында қоқыс мүлдем сұрыпталмайды», - деді ол.

Елімізде пластикті қайта өңдейтін 50-ден астам кәсіпорын, макулатураны қайта өңдейтін 40 кәсіпорын, шыныны қайта өңдейтін 7 кәсіпорын және резеңке-техникалық бұйымдарды қайта өңдейтін 20 кәсіпорын бар.

«Еліміздің пластик бойынша жылына шамамен 400 мың тонна қайта өңдеу әлеуеті бар. Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Жетісу облыстарында пластикті қайта өңдейтін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар да, жобалар да жоқ. Алматы, Жамбыл облыстарында және Алматы мен Шымкент қалаларында шыныны қайта өңдеудің қуаттары бар, ал Ақтөбе мен Қызылорда қалаларында іске асырылуы жоспарланған жобалар күтіп тұр, қалған өңірлердің әкімдіктеріне логистика мәселесін шешу қажет», - деді Руслан Төкенов.

Оның сөзінше, полигондарда көмілетін қалдықтар көлемін азайтудың пәрменді тетіктерінің бірі -қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша республика бойынша қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының саны 2973 бірлікке жетті, оның ішінде 608-і экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді.

«Министрлік қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының мәселелерін шешу үшін ресімделген жер учаскелері бар, бірақ Қазақстан Республикасының Экология және денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін ауылдық елді мекендердегі қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына қойылатын талаптарды оңайлатуды жоспарлап отыр. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында қатты тұрмыстық қалдықтардың 351 полигонын заңдастыру қажет және қолданыстағы талаптар бойынша оларды заңдастыруға шамамен 175 млрд теңге қажет, бұл тек ауқымы аз ауылдық полигондар үшін ғана қажет. Талаптарды жеңілдету аясында біз тек қоршау, су қорғау және санитарлық қорғау аймағын қалдыруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары