$ 501.49  525.71  5.77
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.02.2025, 14:44
Қоғам

Қазақстанда оқушылардың мектепке смартфон алып келуіне толығымен тыйым салына ма – вице-министр не дейді

Министрлік әлеуметтік желілерге кіруді шектейтін «балалар SIM-картасын» әзірлеуді ұсынған

Қазақстанда оқушылардың мектепке смартфон алып келуіне толығымен тыйым салына ма – вице-министр не дейді
Фото: pexels.com

Қазақстанда оқушыларға мектепке смартфон алып келуге толығымен тыйым салу жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты.

Қолданыстағы заңнама бойынша қазір мектеп оқушыларына сабақ үстінде телефон пайдалануға тыйым салынған. Депутаттар осы норманы одан әрі жетілдіріп, оқушыларға мектепке смартфон әкелуге тыйым салып, тек батырмалы телефонды ұстауға рұқсат етуді ұсынған болатын.

Вице-министр Еділ Оспанның айтуынша, әзірге министрлік бұл ұсынысты қарастырып отырған жоқ. Бірақ бұл мәселені ата-аналармен, қоғаммен жан-жақты талқылауымыз керек, дейді.

«Қазір бұл ұсыныс қарастырылып жатқан жоқ. Бірақ өткен жылы сабақ кезінде ұялы телефонды, гаджеттерді қолданбау туралы шешім қабылданғанын білесіздер. Бұл шешім сәтті іске асырылып жатыр. Жалпы оқу-ағарту министрлігі балаларды зиянды ақпараттардан қорғаудың түрлі жолдарын талдау үстінде. Оның бір бағыты – SIM-карта», - дейді Еділ Оспан.

Оның айтуынша, қазір шет мемлекеттер балалар үшін интернетті қауіпсіз етудің түрлі тетіктерін қарастыруда.

«Біз де Қазақстанда осы механизмді қарастыруымыз керек. Оқу-ағарту министрлігі бірнеше жылдан бері балаларға арналған SIM-карталар әзірлеу мәселесін көтеріп жүр. Яғни бұл SIM-карталарда арнайы фильтрлер болады. Балаларға белгілі бір әлеуметтік желілер және олардың  денсаулығы мен психикасына зиянды ақпарат шектелуі мүмкін. Біз осы идеяны қолдаймыз және мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жұмыс істеп жатырмыз», - деп түсіндірді ол. 

Серіктес жаңалықтары