$ 502.89  527.03  5.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.02.2025, 10:33
Қоғам

Енді Қазақстанда отырып британ дипломын алуға болады: гранттың талаптары белгілі болды

Құжат қабылдау 26 наурызға дейін жалғасады

Енді Қазақстанда отырып британ дипломын алуға болады: гранттың талаптары белгілі болды
Фото: университеттің баспасөз қызметі

Астанадағы тұңғыш британ  университеті  оқу гранттарына өтінім қабылдай бастады. Құжат қабылдау 2025 жылдың 26 наурызына дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Университеттің баспасөз қызметі хабарлағандай, грантқа түскен түлектер «Компьютерлік ғылымдар» және «Бизнес» бағдарламалар бойынша британ дипломын алып шыға алады.

«Астанадағы Coventry University Kazakhstan тұңғыш британ университеті оқу гранттарына өтінім қабылдауды бастады. Конкурсқа мектеп пен колледжді 2025 жылы бітіретін  Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Олардың IELTS нәтижесі 6.0 баллдан (әр компонент бойынша кемінде 5.0 балл), ал 10-шы (11 жылдық мектеп) және 11-ші сыныптардағы  (12 жылдық мектеп) GPA бойынша орташа академиялық көрсеткіші 4.0 баллдан төмен болмауы тиіс. Грант бір жылдық Foundation бағдарламасы мен үш жылдық «Бизнес» және «Компьютерлік ғылымдар» бакалавриат бағдарламаларын қоса алғанда, төрт жылдық оқу бағдарламасын толықтай қамтиды», - деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.

Түлектер «Жарнама және сандық маркетинг», «Бизнес  менеджмент», «Бизнес әкімшілендіру», «Халықаралық бизнес менеджменті», «Компьютерлік ғылымдар», «Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект» және «Ақпараттық технологияларды басқару» мамандықтарын игеріп шыға алады.

Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленовтің сөзіне сенсек, Қазақстан түлектері енді шетелге шықпай-ақ Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы университеттерінің  бірінде ақысыз білім ала алады.

Жалпы, конкурс екі кезеңнен тұрады. 2025 жылдың 24 ақпанынан 26 наурызына дейін өтетін алғашқы кезеңде, грантқа үміткерлердің академиялық жетістіктері – олардың IELTS және GPA нәтижелері мен республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алғанын (бар болған жағдайда) растайтын құжаттары негізінде бағаланады. Екінші кезең 2025 жылдың 27 наурызынан 5 сәуіріне дейін өтеді. Онда үміткерлердің эссесі бағаланады.

Серіктес жаңалықтары