Астана прокуратурасы ақылы автотұрақ иесінің тағы бір өрескел қылмысын ашты

Автор: Бақыт Шынар

Компания ІІ топтағы мүгедек адамдардан заңсыз ақша алған

Фото: Azattyq ruhy

Күні кеше Бас прокуратура Астана әкімдігі мен ақылы автотұрақ арасындағы келісімшартты заңсыз деп тапқан болатын. Ал, Астана прокуратурасы анықтағандай, компания жеңілдігі бар адамдардан да ақша алып, заң бұзып келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Байқоңыр» ауданының прокуратурасы әкімшілік актілерді зерделеу аясында Астана қаласының автотұрақ аймақтары мүгедектігі бар адамдардан ақша алғанын анықтады. Атап айтқанда, Астана қаласының аумағында ақылы автотұрақтарды пайдалану қағидаларына сәйкес, тұрақ ақысын төлеуден босатылған арнайы топ айқындалған: бала кезінен мүгедектігі бар адамдар және I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, «Алтын Қыран» және «Халық қаһарманы» орденімен марапатталған адамдар, көпбалалы аналар. Компания мүмкіндігі шектеулі 63 адамнан 524 мың теңге алған. Қазір I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға қатысты нұсқамалар жойылды», - деп хабарлайды Астана қаласының прокуратурасы.