Авиация комитеті халықаралық бағытта әуе билеттері сатылып жатқаны жайлы ақпаратқа пікір білдірді
ААК-тың хабарлауынша, әуе билеттерінің сатылымға шығуы халықаралық рейстердің қайта басталғанын білдірмейді

Азаматтық авиация комитеті әуе компаниялары мен делдал сайттарда халықаралық бағыттарға билет сатылып жатқаны туралы ақпаратқа байланысты пікір білдірді.
«Әлемдік тәжірибеге сай, ұшу басталғанға дейін бірнеше айға халықаралық рейстерге билет сату реттелмейтінін және шектелмейтінін хабарлаймыз. Осыған байланысты, халықаралық бағыттар бойынша елімізге келіп-кету үшін әуе билеттерін сату және сатып алу халықаралық рейстердің қайта басталғанын білдірмейді және жолаушыға таңдап алған бағыты және рейс күні бойынша ұшуға кепілдік берілмейді», - делінген ақпаратта.
Халықаралық бағыттар бойынша тұрақты жолаушылар рейсін қайта бастау эпидемиологиялық жағдайға, Қазақстан мен шет елдердің мемлекеттік шекарасынан өту шектеулеріне, cондай-ақ мемлекеттердің визалық талаптарына байланысты анықталады.
Халықаралық әуе қатынастарын қайта бастау туралы шешімді Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдары және шет мемлекеттер тарапынан келіп-кетуге қойылған шектеулерді алып тастау негізінде қабылдайды.