$ 502.47  525.83  5.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Шетелде жұмыс істеп кетеді»: Нартай Сәрсенғалиев «Болашақтың» шәкіртақысы көбейетінін айтты

Заң жобасы бірқатар өзгерісті көздейді

«Шетелде жұмыс істеп кетеді»: Нартай Сәрсенғалиев «Болашақтың» шәкіртақысы көбейетінін айтты
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Елімізде тәлімгерлер институты мен қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры құрылады. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасына қатысты да бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Заң жобасын әзірлеуге бастамашы болып, белсенді түрде қатысқан Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев заң аясында қоғамды қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақ тілінің цифрлық қоры мен ұлттық платформа құрылады

Нартай Сәрсенғалиевтың айтуынша, заңға қазақ тілінің дамуы мен мәртебесін арттыра түсу негіз болған. Үкіметпен келісілген заң жобасына бір топ депутат бастамашылық етті.  

«Мемлекет басшысы қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы керегін айтқан болатын. Бұл заң жобасына енген өзгерістерді

соған бағытталған қадамдар деп түсінуіміз керек. Қазақ тілінің жаңа цифрлық платформасын әзірлеуді осы заң арқылы бекітіп отырмыз. Бұл не үшін керек? Цифрлық платформа арқылы қазақ тілінің ұлттық цифрлық қоры құрылады. Яғни, ұлттық тіл корпусы заңмен реттеледі. Осыған дейін бұл құзыр түрлі институттар мен министрліктерге тиесілі болды. Әр басшы өз бастамасын енгізіп, бірізділік жоғалып, проблема туындады. Сондықтан Шайсұлтан Шаяхметов, Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл институттарының мамандары заңды әзірлеуге белсенді қатысты», - дейді Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, қазір жасанды интеллекті аясында Яндекс, «Алиса», ChatGPT сынды онлайн қызметтер бар. Оларға тапсырманы көпшілік орыс не ағылшын тілінде беріп жатады. Ал аталған цифрлық платформа осы қызметтерді қазақшалайды.

«Біз цифрлық ұлттық сөздік қорды құру мүмкіндігін институттарға беріп отырмыз. Ол тиісті уәкілетті министрлік арқылы енеді. Оның нәтижесінде арнайы цифрлық қор құрылады. Яғни, «Алиса», ChatGPT, Яндекс қазақша айтқан пәрменді түсінеді. Цифрлық ұлттық қор қазақша сөздерді біріздендіріп, жинақтайды. Мысалы, интернетте бір қазақша сөз жазсаң ондаған мағынасы шығып тұрады. Бұл дұрыс емес. Енді ол жинақталып, реттеледі. Ұлттық цифрлық сөздік қор дегеніміз осы», - дейді депутат.

Елге келген шетелдік туристерге де бұл платформа ыңғайлы болмақ. Себебі елге келген турист интернеттен қазақ тіліндегі сөздерді іздейді. Осы кезде сөздердің мағынасы ұлттық сөздік қорда жинақталғаны аса маңызды.

«Аударма жасау кезінде де қазақ тіліне аударылған дүниенің сапасы көңілден шықпай жатады. Бұл да елде цифрлық ұлттық қордың болмауынан. Бұдан бөлек, қазақ тілінің нормалары, ережелері онлайн ашық жүйеде қолжетімді болмақ. Бұл да жасанды интеллекті аясында, цифрлық жүйеде қазақ тілінің сапалы болуына жол ашады. Қазір қазақ деңгейінің көтеруін көшедегі жарнама, асхана мәзірін қазақшалаумен шектеліп жатырмыз. Біз заманмен бірге қадам басу үшін цифрлық деңгейде енгізіп отырмыз. Сөздік қор дұрыс сөйлеймін, қазақ тілінде дұрыс жазамын деген адамдарға нақты нұсқаларын ұсынып отырады», - дейді депутат.

«Болашақ» бағдарламасындағы өзгерістер: халықаралық олимпиада жеңімпаздарына жаңа мүмкіндік

Нартай Аралбайұлы «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңесінің төрағасы ретінде аймақтарда бірқатар көшпелі отырыстар өткізген. Онда жастар «Болашақ» бағдарламасына қатысты көптеген мәселе көтерген.

«Осы күнге дейін біз «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге магистранттар мен докторанттарды жіберіп жүрдік. Енді осы заң аясында бакалавр мамандарды даярлауға мүмкіндік туады. Яғни, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары «Болашақтың» бакалавр деңгейі бойынша грантына ие болады. Әйтпесе, шетелде жүлделі орын алғандарға әлем университеттері өз грантын ұсынады. Әрине, ғылыми жарыста орын алған бала ол жақта оқуға ынталы. Ал біз дарынды балаларды өзімізде алып қалу үшін әрекет жасауымыз керек. Білімді жастардың шетелге кеткенін айтып, күйінгеннен ештеңе өзгермейді. Біз нақты дүние ұсындық. Бұл жерде халықаралық олимпиадада орын алмағандардың құқығы тапталды деп те айтуға болмайды. Себебі химия бойынша олипиаданы жеңген балаға «Болашақ» бойынша тек осы саладағы грант бөлінеді. Бұл ғылымды дамытуға да серпін береді», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, осыған дейін халықаралық олипиада жеңімпаздары ҰБТ тапсырмай, грантқа ие болатын.

«Пән олимпиадасынан бөлек, ғылыми жарыстардан жеңімпаз болып келетіндер бар. Оларға да өз елімізде жағдай жасауымыз керек. Сондықтан заң аясында ғылыми жарыс жеңімпаздарына ҰБТ нәтижесі болмаса да, грант бөлуді қарастырдық. «Болашақ» бағдарламасы аясында шәкіртақы көлемі төмен екенін осыған дейін де айтқан болатынбыз. Шетелге дарынды балалар оқуға барып, кейін қосымша жұмыс істеп те кетеді. Қазір министрлік арнайы консалтингтік компаниямен жұмыс істеп жатыр. Әр елде орташа өмір деңгейі бойынша шәкірттердің шығыны есептеліп, оның көлемі артады», - дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат шәкірттердің шетелдік университетте жазған ғылыми жұмыстары осыған дейін сол елде қалып, авторлық құқығы университетке тиесілі болатынын айтты.

«Біз шетелде оқыған кезде студенттердің әзірлеген жұмыстарына авторлық құқықты беру мәселесі бойынша ұсыныс енгіздік. Зерттеу жұмыстарын студент елмен және университетпен келісіп жүзеге асырғанын қалаймыз. Бұл ел экономикасы мен қажет жаңашылдықты енгізуге мүмкіндік беретін еді», - деді ол.

Сонымен қатар депутат күн тәртібіне «Болашақ» бағдарламасын тәмамдап келген мамандардың жұмыс мансабына қатысты мәселелерді енгізу де пысықталып жатқанын айтты.

Тәлімгерлік институты: жетім балаларды қолдау

Нартай Сәрсенғалиев заң аясында тәлімгерлік институттың жұмысы қалай реттелетінін түсіндіріп берді.

«Біздің қоғамда бала асырап алғысы келетін ата-аналар көп жағдайда баланы сәби кезінен бауырына басқысы келеді. Мамандардың айтуынша, 10 жастан асқан балаларды асырап алу сирек кездеседі. Әрине, ата-аналарда да түрлі ойлар болуы мүмкін. Бірақ жасөспірім кездегі жетім балалардың жаман жолға түсіп, күйзелістен алшақ болуы бізді де алаңдатты. Сол себепті тәлімгерлер мектебін жасақтауды заң бойынша енгіздік. Кейбір азаматтар ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алмайды, бірақ қолдап, қамқорлық танытады. Алайда ондай азаматтардың ниеті көп жағдайда беймәлім болып қалады. Сол себепті тәлімгерлер мектебі керек»,- деді депутат. 

Тәлімгерлер институты түрлі саладағы мамандармен толығады.

 «Институтта психолог, әлеуметтанушы сынды мамандар болады. Олар балалар үйіндегі жасөспірімдермен дос болып, бағыт-бағдар бергісі келетін адамдарды «сүзгіден» өткізеді. Яғни, мамандар ол адаммен жан-жақты жұмыс істейді. Жаман әдеттері мен қылықтары, теріс ойы жоқтығына көз жеткізген кезде қамқоршыларға сертификат беріледі. Ол сертификат аясында балалар үйі қамқоршы болғысы келетін адаммен мерзім бойынша келісімге отырады. Осыдан кейін ғана қамқоршылар тәрбиеленушілермен қарым-қатынас орната алады. Бұл әлеуметтік жауапкершілікті арттыра түседі. Біз ата-анасыз қалып, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған балаларға қамқорлық бағытанда осындай шешім қабылдадық», - деп түйіндеді Нартай Аралбайұлы.

Серіктес жаңалықтары