Депутат жүргізушілерге салынатын айыппұл үшін 50 пайыз жеңілдікті алып тастауды ұсынды
Жол ережесін өрескел бұзатындарды жүргізуші куәлігінен уақытша айыру керек дейді сенатор
![Депутат жүргізушілерге салынатын айыппұл үшін 50 пайыз жеңілдікті алып тастауды ұсынды](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/13/67adacf74ef73827739786.jpeg)
Парламент Сенатының депутаты Марат Қожаев жол ережесін өрескел әрі жүйелі түрде бұзатын жүргізушілер үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, кейінгі кезде жол ережелерін бұзу фактілері көбейе түскен. Мәселен, Әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай реестріне сәйкес, 2024 жылы Алматыда жол ережесін бұзудың 4,2 млн фактісі тіркелген. Олардың басым бөлігі автоматты түрде тіркейтін техникалық құралдардың көмегімен анықталған.
«Қолданыстағы құқық қолдану тәжірибесі ережені жүйелі түрде бұзудың алдын алуға мүмкіндік бермейді. Өйткені техникалық құралдар автоматты түрде тіркеген жүргізушіні ережені қайта бұзғаны үшін жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі көлік иесіне айыппұл жазылғанда ереже бұзу тарихы ескерілмейді. Сондай-ақ, жол ережесін үнемі елемейтін, жол тәртібін қасақана бұзатындарға емтиханды қайта тапсыруды міндеттеу мүмкін емес. Техникалық құралдар ережені бұзу фактісін ғана тіркейді, бірақ жүргізушінің дайындық деңгейін және оның жол ережесін өрескел бұзу мен қауіпті әрекетке бейімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді», - дейді сенатор.
Депутаттың айтуынша, қалталы жүргізушілер айыппұлды жауапкершіліктен қашудың тетігі деп қабылдайды. Мәселен, Алматыда бір жүргізуші бір жыл ішінде 143 рет жол ережесін бұзып, 3 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген.
Осы орайда Қожаев халықаралық тәжірибені мысалға келтірді. Германияда айыппұл балы жүйесі жұмыс істесе, Францияда жол ережесін қайта бұзғаны үшін уақытша жүргізуші куәлігінен айырады. Ал Сингапурде жол ережесін өрескел бұзатындарды қайтадан емтихан тапсыруды міндеттеп қойған, кей жағдайда тіпті көлігін тәркілейді.
Депутат осыған ұқсас қатаң жазаларды біздің елімізде де енгізуді ұсынды.
«Әсіресе техникалық құралдар тіркеген ереже бұзу дерегі бойынша жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту мәселесін қарауды ұсынамыз. Техникалық құралдар тіркеген 10 және одан да көп жол ережесін бұзған жүргізушілерді Жол жүрісі қағидалары бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберуді міндеттеу маңызды. Жол ережесін қайталап бұзғаны үшін жүргізуші куәлігінен уақытша айыруға дейін жауапкершілікті күшейтіп, ережені жүйелі түрде бұзатындарға айыппұл төлеген кездегі 50% жеңілдікті алып тастау маңызды», - деді Қожаев.