Алматыда блок-бекеттердің ашылатын уақыты белгілі болды

Автор: Azattyq Rýhy

Сағынтаев жағдай қайта ушықса, қала қайта карантиндік тәртіпке көшуі мүмкін екенін айтты

Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһардың облыспен шектесетін жерлеріндегі блок-бекеттердің ашылатын кезеңі туралы айтты деп хабарлайды, Azattyq Rýhy тілшісі. Республиканың өзге өңірлері тұрғындары Алматыға емін-еркін кіріп шығуы үшін нақты шешім алдағы күндері қабылданады. Қала басшысы БАҚ өкілдері үшін өткізілген арнайы брифингте бұл мәселені қарастырып жатқанын айтты. 

«Бекеттер әлі сол қалпында тұрады. Полиция да қала береді. Рұқсаты бар азаматтар ғана кіріп-шығады. Қазір Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен ақылдасып жатырмыз. Блок-бекеттердің қашан ашылатыны жайлы баспасөз арқылы қосымша хабарланады», - деді әкім.

Алматыда дәл бүгін 2333 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Сәуірдің басындағы болжам бойынша, шаһарда небәрі  850 адам ауырып, республика бойынша 3,5 мың адамнан аспайды делінген. Бірақ қала әкімі бұл болжамның ақталмағанын айтты. Қазір республикада COVID-19 жұқтырғандардың саны 9 мыңға жетті. Әкімнің айтуынша, қала қайтадан карантинге жабылуы мүмкін.

«Қала қайтадан карантиндік тәртіпке көшуі мүмкін. Егер жағдай ушықса, санитарлық талаптар сақталмаса, ел маскаларын тақпаса, ашық-шашық жүрсек, ойланбасақ, жағдай ертең қиындап кетуі мүмкін. Егер вирустан сақтанудың талаптары сақталмаса, мұндай шешімді қарастыруға мәжбүрміз. Осы екі айда халық шыдамдылық танытты. Үйде отырды. Ол сырттағы автокөлік санынан білінді. Наурыз мерекесінен соң 35 мың көлік қалды. Оның алдында 750 мың автоккөлік жүретін еді. Осыны түсінген халыққа бас иіп алғыс айтамыз. Бірақ шыдам таусылды. Төтенше жағдай бітті дегенде бәрі сыртқа шықты. Қазір облыстарда жағдай қиын, ауру артып келеді. Сондықтан әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты. Вирус ешқайда кеткен жоқ», - деді Б. Сағынтаев.

Алматыда COVID-19 инфекциясын анықтау үшін 6 зертхана жұмыс істеп тұр. Алдағы күндері тағы да бір орталық іске қосылады. Ол орталықта күніне 1 мың адам тестілеуден өтеді.

«Лабораторияның саны 6-ға жетті. Ол жерлерде біз күніне 2400 адамнан сараптама алуға мүмкіндік алып отырмыз. Олардың санын 4,5-5 мың адамға дейін жеткізу межесі тұр. Жақында Болат Өтемұратов қоры COVID-19 вирусы анықтайтын зертхана беретін болды. Ол шамамен, бір апта ішінде қойылса, күніне тағы 1 мың адамды тестілеуден өткізу мүмкіндігі болады», - деді Б. Сағынтаев.

Осы күнге дейін шаһарда 150 мың адам коронавирус анықтайтын тексеруден өткен. Қалада коронавирус жұқтырудың бір күндік орташа көрсеткіші - 3,3 пайыз. Әлі де қауіп сақталып отыр.

«Сондықтан жұмысын бастаған мекемелер мен кәсіпорындар қызметкерлерінің денсаулығын ойлауы керек. Тұтынушылардың келіп-кетуіне байланысты талаптар да қатаң сақталуы тиіс. Өйтпеген жағдайда ескерту емес, бірден айыппұл салынып, мекемелер жұмысын тоқтататын болады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Құрамына Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайтын департамент мамандары енген мобильді топтар карантин режимін бұзған нысандарды анықтау үшін мониторинг жүргізеді. Бүгінгі күнге дейін олар карантин талаптарын (масканың, санитайзердің, болмауы, әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы және басқалары) сақтамаған 69 азық-түлік нысанына әкімшілік айыппұл салынған. 2 қоғамдық тамақтану орнына әкімшілік хаттама толтырылып, олар сотқа жіберіліпті.

«Кез келген уақытта кәсіпорындарға келіп, кездейсоқ қызметкерден тест алып, оның денсаулығын тексеретін боламыз. Сондықтан кәсіпорындар мен рұқсат етілген кез келген мекеме өз қызметкерлерінің денсаулығын жіті қадағалауға міндетті. Маскалық режим енгіздік. Арнайы топтар құрылды. Кәсіпорындарды аралап жүр. Егер тиісті талаптар сақталмаса, бұрынғыдай ескертумен шектелмейміз. Бүгіннен бастап айыппұл салынады, содан соң жабамыз. Бір басшының немқұрайлылығынан қаншама адам жұмысынан айырылуы мүмкін. Батыс елдеріндегідей арақашықтықты сақтайтын сызықтар, турникеттер қойылсын», - деді арнайы брифинг барысында қала басшысы.

Әкімнің берген мәліметінше, қалада экономикалық көрсеткіштер 9,2 пайызға төмендеп, инфляция 3,4 пайызға артқан. Экономика секторларының қайта жандануы бойынша кәсіпорындардың іске қосылуының 4-ші кезеңі жүзеге асып жатыр. Осы кезге дейін шаһарда 650 мың жұмыс орны қайта ашылған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы