«Бұл не деген батпан құйрық»: Құрылыс компаниялары пәтер алу талаптарын жаппай жеңілдетіп жатыр
«G-Park», «BI Group» компаниялары жариялаған жаңа бағдарламалар жайлы

Қазақстанда төтенше жағдай режимінен кейін ірі құрылыс компаниялары бірінен соң бірі жеңілдетілген талаптармен ипотекалық акцияларын іске қоса бастады. Бұл пандемия салдарынан туған дағдарыстағы жылжымайтын мүлікке деген сұраныстың төмендеу белгісі ме, әлде құрылыс компанияларының кезекті «жылтырақ» жарнамасы ма? Үй арзандай ма? Azattyq Rýhy тілшісі осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Жақында «BI Group» компаниясы елордада салып жатқан «Nova city», «Sezim qala» тұрғын үй кешендері үшін «Особая ипотека» деп аталатын бағдарлама жариялады. Алғашқы жарна ретінде «Сбербанк» арқылы пәтердің толық құнының кемінде 10%-ын төлейсіз де, қалғанын 1-ден 15-жылға дейін бөліп бересіз. Пайыздық үстеме 0,1%-дан 13,99%-ға дейінгі аралықта. Бірақ жылдық «сыйақысы» аз болсын десеңіз, неғұрлым қысқа мерзімге алып, ай сайын көбірек ақша салып отыруға тура келеді.
Төмендегі кестеде 12 млн теңгелік 1 бөлмелі пәтерге орташа есеп көрсетілген:
Бірақ компания өкілдері «Бізде бұл бағдарлама карантинге дейін дайын болған және ешқандай категориядағы адамдарға арналмаған» деп сендірді.
«Особая ипотека» ешқандай әлеуметтік категорияға бағытталмаған. Компанияның кез келген тұтынушысы осы арқылы баспана ала алады. Бірақ, басқа құрылыс компанияларының клиенттері үшін бұл бағдарлама қолжетімсіз. Бұл жобаны банктермен бірге карантинге дейін дайындағанбыз, тиісті келіссөздер жыл басынан бері жүргізілді. Ипотекаға сұраныс жоғары. Әзірге осы бағдарлама бойынша 25 адамның өтініші рәсімделді. Ипотека орталығынан адамдардың 80%-ы консультацияны «Особая ипотека» бойынша сұрайды», - деді «BI Group» сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Айнұр Әшімова.
Ал 25 мамыр күні комфорт, бизнес санатындағы үйлерді салатын G-Park компаниясы «G-Park рассрочка» атты жаңа бағдарламаны жария етті. Ол бойынша алғашқы жарна ретінде пәтер бағасының 5-тен 10%-ға дейінгі құнын беріп, қалғанын 10 жылға дейін ай сайын пайызсыз төлеп құтылуға болады. Яғни, 5%-ын аударсаңыз, пәтерді 5 жылға, 6%-ын салсаңыз 6 жылға бөліп төлейсіз. Осылай 10 жылға дейін жалғаса береді. Бағдарламаға қатысу үшін табысыңызды, зейнетақы аударымдарын растаудың, кепілдікке алып жатқан пәтеріңізден басқа артық мүлік қоюдың қажеті жоқ.
Бұл жаңалықты естіген астаналықтар «G-Park» компаниясының бас ғимаратына жаппай «лап» қойды. Жаңа бағдарлама бойынша кеңес алып, толығырақ білу мақсатында кезекке тұрды. Azattyq Rýhy да бағдарлама туралы толығырақ сұрап қайтуға барған. Алайда, компания өкілдері бөліп төлеу шарттары тек 1 маусымда дайын болатынын, сол кезде ғана сұхбат бере алатынын хабарлады. Сондықтан бізге жұртпен бірге менеджерлердің кеңесін тыңдауға тура келді.
«G-Park» өкілінің айтуынша, бөліп төлеу акциясымен тек дайын болған 4 тұрғын үй кешеніндегі 4 бөлмелі пәтерлерді ғана алуға болады.
«Аталған бағдарламамен үйлерді «Бруклин», «Квинс», «Манхэттен -3», «Манхэттен-4», «Амстердам» тұрғын үй кешендерінен ғана алуға болады. «Бруклинде» 4 бөлмелі пәтерлер 110-120 шаршы метрді құрайды. «Квинсте» 110-154 шаршы метр аралығында. Тек салынып біткен үйлерге бөліп төлеу жүргізіледі. Төлқұжаттары дайын, келісімшартан соң 1-2 күнде қолыңызға кілтін береміз, жөндеу жүргізіп, тұра бересіз. Бұл – пилоттық бағдарлама. 1 маусымнан бастап құжаттар қабылдаймыз. 1 шаршы метрдің бағасы – 340 мың теңге. Алғашқы жарна – 5-10%. Сонда айына шамамен, 300 мың теңге төлеп отырасыз. Нақтысы неше жылға алғаныңызға байланысты есептеледі», - деді далаға шығып, жиналғандарға жаппай түсіндіруге мәжбүр болған менеджер.
Келген жұрт «Аталған акциямен 1 немесе 2 бөлмелі үйлерді қашан сатасыздар?» деп те сұрады. Компания өкілдері «Оны күтпей-ақ қойыңыздар» дегендей жауап қатты. Арзандау үйлерді «7-20-25» бағдарламасымен алуға кеңес берді. Қалтасы көтермейтінін ұққан қарапайым жұрттың біразы есік алдынан қайтуға мәжбүр болды.
Экономист, тұрғын үй саласы бойынша сарапшы Дәулет Мұқаев та 1-2 бөлмелі пәтерлер үшін мұндай аса қолжетімді акцияларды күтудің қажеті жоқ екенін айтады.
«Компаниялар адамдарды тарту үшін түрлі маркетингтік әрекеттерге барып жатыр. Зерттесең, қарапайым халыққа қолжетімсіз болып шығады. Карантиннен кейін қымбат жылжымайтын мүлік алатындар азайды. Бірақ Қазақстанда 1-2 бөлмелі пәтерлерге сұраныс ешқашан жоғалған емес, акция жасамасаң да өтіп кетеді. Оларға «рассрочка» берсе, құрылыс компаниялары ұтылады. Ал 4 бөлмелі үйлерді өткізу қиын. Біріншіден, ақшасы барлар алдағы уақытта не болады деп нарықты бақылап отыр. Екіншіден, кейбіреулер ақшаларын долларға айырбастап тастаған. Үшіншіден, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» ақша жинағандар екінші сатылымдағы үйлерді алады», - деді Дәулет Мұқаев бізге берген сұхбатында.
Сарапшы «BI Group» компаниясының қолға алған жаңа жобалары бойынша да пікір білдірді.
«Bi Group 0,1 пайызбен үй береміз деді. Бірақ ондай шартпен ипотека 1 жылға ғана ұсынылады. 24 млн теңгеге үй алып, 30%-ын бастапқы жарна ретінде төлесеңіз, қалған 17 млн теңгені 12 айға бөлгенде, айына 1,5 млн-нан төлеу керек болады», - деді ол бұған қатысты.
Д. Мұқаев келешекте де үй бағасы арзандай қоймайтынына сендіргісі келеді. Себебі, түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп тұрғанда, орташа деңгейлі пәтерлерге деген сұраныс азаймайды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан