«Мәртебесі төмен, жалақысы аз, жұмысы ауыр»: депутат архив мамандарының мүшкіл жағдайын жеткізді
Ерболат Сатыбалдин архивтерде жалақының аздығынан мамандар тапшы, қызмет сапасы төмен дейді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, архив ісі саласындағы түйіні шешілмеген мәселелерді тізіп шықты. Ол архив ісінің маңызын айта келе, архив ғимараттарының жай-күйіне мән беріп, қызметкерлердің жағдайына назар салуды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Архив ісі – ұлттың жанының алтын сандығы, елдің тарихи жады. Құжаттар шаң басқан сөрелерде жатпай, мемлекет пен қоғамның игілігіне айналуы керек. Архив тек ескінің куәсі емес, ұрпақтың мұрасына жауапты, халықтың күнделікті өмірін жеңілдететін маңызды құрылым. Үкімет 2019 жылы «Архив-2025» бес жылдық жобасын бекітті. Биыл аяқталатын жоба ұлттық архивтік мұраларды сақтау, цифрландыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту және халықаралық ынтымақтастықты бағытында елеулі жетістіктерге жетті. Яғни, ұлттық құндылықтарға ие құжаттарды, оқиғаларды тізбектеу мен жинақтауға барынша көңіл бөлінді», - деді ол.
Депутат ендігі кезек архив ғимараттары мен материалдық жай-күйін және архив қызметкерлерінің жағдайын оңалту дейді.
«Біріншіден, архив ісінің мәртебесі әлі де төмен. Архивтер әртүрлі ведомстволарға бөлініп, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істей алмай отыр. Бір облыста мәдениет басқармасына, екіншісінде цифрландыру басқармасына, үшіншісінде ақпараттандыру басқармасына бағынышты. Мұның салдары – салаға деген немқұрайлық пен мардымсыз қаржыландыру. Қызметкерлер жалақысының аздығынан мамандар тапшы, қызмет сапасы төмен.
Екіншіден, меншік құқығы әртүрлі мекемелердегі ведомстволық архив жүйесі «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясымен толық интеграцияланбаған. Азаматтар жалақысы туралы мәліметтер, еңбек өтілі секілді қарапайым құжаттарды алу үшін апталап жүруге мәжбүр. Құжаттардың дер кезінде архивке өткізілмегендігінен еңбек өтілі сияқты жеке деректерге дәлел таба алмау – халық үшін қиындықтың бірі. Мемлекет азаматтарға жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге міндетті, ал бұл жағдай сол қағидаттарға қайшы», - деді ол.
Депутат архив ісіндегі цифрландыру мәселесінің де сын көтермейтінін айтты. Архив құжаттарының көп бөлігі қағаз форматында сақталады, ал олардың қауіпсіздігі мен қолжетімділігі күн өткен сайын нашарлап жатыр дейді.
«Ұлытау облысындағы мемлекеттік архивтің жағдайын өз көзіңізбен көрсеңіз, мәселенің күрделілігін түсінер едіңіз. Жабдықтар жоқ, жаңа ғимаратқа орын тапшылығы бар. Құжаттар тиісті деңгейде цифрланбаса, ертеңгі күні бұл құжаттар ұрпаққа жетпей қалуы мүмкін», - деді депутат.
Ерболат Сатыбалдин архив мамандарының мәртебесі төмен, жалақысы аз, жұмысы ауыр болғандықтан қызметкерлер жетіспейтінін айтады.
«Архив қызметкерлерінің еңбегі тиісті деңгейде бағаланбаса, бұл салада кім жұмыс істейді? Бұл менің аймақтарға барғанда естіген жан айқай, арқалап келген аманат», - деді ол.
Депутат өзге елдердің архив саласындағы озық тәжірибесін үлгі етті.
«Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Архивтер – өткеннің үнін сақтап, болашаққа жол сілтейді. Әрбір құжат – тарихтың тынысы, әрбір парақ – уақыттың куәсі. Архивсіз мемлекет бейнесі көмескі, ал болашағы белгісіз. Тарихымызды түгендеп, тамырымызды тану – архивтерден басталады. Ал оны дамыту – ортақ міндетіміз. Басқа елдердің тәжірибесін қараңызшы. Корея архивтерді цифрландыру бойынша көшбасшы. Ұлыбритания архивтері тәуелсіз агенттік ретінде жұмыс істеп, қызмет көрсету сапасын арттырды. Біз де мұндай деңгейге жетуіміз керек», - деді ол.
Депутат осы мәселелердің шешілуі үшін өз ұсыныстарын берді.
«Архив жүйесін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына интеграциялап, Е-архив платформасының қызмет көрсету сапасын жақсарту; Мәжіліс қарауында жатқан салалық заңға, архивке құжаттарды тапсыруды барлық жұмыс берушілер үшін, нақтырақ айтсақ, тараған, банкрот жағдайындағы барлық жұмыс берушіге міндеттеу, бұл еңбек өтілі сияқты мәліметтерді сақтауды қамтамасыз етеді.
Архив жүйесін дербес агенттік ретінде құру, оның мәртебесін арттырып, саладағы немқұрайлықты жою; еліміздің басты мұрағаты саналатын «Ұлттық архив» республикалық мекемесіне «ұлттық» деген ерекше статус беру; архив қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, салаға кәсіби мамандар тарту керек. Ақын Мұқағали Мақатаев: «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп еді. Бірақ біз сол архивтердің шаң баспай, цифрлы, қолжетімді, заман талабына сай болуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл халықтың ғана емес, ұрпақ алдындағы аманатымыз», - деді ол.