«Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі»: Тоқаев ауылды дамытуға арналған шараларды бір бағдарламаға біріктіруді тапсырды
Тоқаев ауыл шаруашылығындағы шешілмеген мәселелерге тоқталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдерден ауыл шаруашылығындағы түйткілді мәселелердің шешудің жаңа тәсілдерін күтетінін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент сонымен қатар, ауылдарды дамытуға арналған мемлекеттің қолдау шараларын бір бағдарламаға біріктіру қажет екенін айтты.
«Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар. Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет», - деді ол.
Президент айтқандай, қазір ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерге «Қазпошта» арқылы қол жеткізіп отыр.
«Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді ол.