Атырауда пандусы жоқ мейрамхана қомақты айыппұл төлейтін болды

Автор: Бақыт Шынар

Аймақтағы қоғамдық бірлестіктердің бірі нысанға қатысты өтініш түсірген

Фото: pixabay.com

Атырау облысында пандусы жоқ мейрамхана айыппұл арқалады. Бұл олқылықты мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдық бірлестігі түсірген арыз негізінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары анықтаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты хабарлағандай, 2024 жылы Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары 2 695 рет тексеру жүргізген.

«Оның ішінде 741 тексеріс профилактикалық бақылау шеңберінде, 751-і жоспардан тыс, 1 203-і прокуратураның талабы бойынша өткен тексеру болды. Осы шаралардың арқасында 1087 ұйғарым жазылып, әртүрлі нысандарға жалпы сомасы 230,3 млн теңгеден астам айыппұл салынған», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Мысалы, әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысындағы департаменті мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің өтініші негізінде бір мейрамханаға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, пандусы жоқ мейрамханаға айыппұл салған.