Мешіттерді салуға мемлекеттен ақша бөлінбейді деп атап өтті ҚМДБ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми ақпаратына сүйенсек, елімізде 2020-2024 жылдар аралығында барлығы 359 жаңа мешіт бой көтерген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір еліміздің ауыл-аймақтарында 2 888 мешіт жұмыс істейді. Олардың бәрі «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің филиалы саналады. 2 888 мешіттің 359-ы соңғы бес жыл ішінде салынған.
«2 888 мешіттің 1-уі – республикалық, 3-і – мегаполистік, 17-сі – облыстық, 434-і – қалалық, 162-сі – аудандық, 2275-сі – ауылдық мешіт. Еліміз бойынша соңғы бес жылда жаңадан ашылған мешіттердің саны: 2020 жылы – 44 мешіт, 2021 жылы – 68 мешіт, 2022 жылы – 77 мешіт, 2023 жылы – 88 мешіт, 2024 жылы 82 жаңа мешіт іске қосылды», - деп мәлімдеді ҚМДБ Azattyq Rýhy жолдаған ресми сауалға берген жауабында.
Елімізде ең соңғы тіркелген «жас» мешіт те Ақмола облысы Біржан сал ауданы Бұланды ауылында орналасқан. Мешітті жергілікті жеке кәсіпкер салып шыққан екен.
ҚМДБ мешіт құрылысына мемлекеттен бір тиын да бөлінбейтінін атап өтті.
«Еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, мешіт құрылысы үшін мемлекет есебінен қаражат бөлінбейтіні белгілі. Сондықтан еліміздегі мешіттердің барлығы жеке кәсіпкерлер мен арнайы қорлар, жергілікті халықтың асары мен қаржысына салынып келеді», - дейді мүфтият өкілдері.
Республика бойынша апатты жағдайда тұрған типтік жобадағы мешіттер жоқ дейді ҚМДБ. Десе де кейбір ауылдарда тұрғындар бұрын клуб, пошта, дүкен немесе балабақша болған ғимараттарды мешіт ретінде пайдаланып келеді. Олардың кейбірі жөндеуге келмесе, енді бірінің тозығы жетіп тұр.
Бұған дейін Қазақстандағы имамдар орташа есеппен 85 мың теңге жалақы алатынын жазған едік.